Kyzylorda-news.kz. Елімізде коронавирустық инфекцияны жұқтырғандар арасында әкімдік қызметкерлері бар екендігі анықталды. Мәселен, Петропавлда жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің 3 қызметкері коронавирус жұқтырған.

Өңірлік Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бастапқыда 31 наурызда бөлімнің бір қызметкерінен коронавирус анықталған. Кейін тағы екеуі жұқтырған.

«Пневмонияға шалдыққан әйел жұмыспен қамту бөлімінде жұмыс істейді. Оның екі әріптесі 49 және 45 жастағы әйелдер. Олар вирусты жұмыста жұқтырып алды деп болжап отырмыз», – деді СҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиев.

«Пневмонияға шалдыққан әйел жұқпалы аурулар стационарына жатқызылды. Онымен байланыста болған 73 адам да оқшауланды. Барлығынан сараптама алынды», – деді ол.

Сондай-ақ, брифинг барысында жұмыспен қамту бөлімінің оқшауланып, қажетті дезинфекциялық жұмыстар жүргізілгені айтылды.

Айта кетейік, Қазақстан бойынша вирусты 402 адам жұқтырған.

Тағы да оқыңыз: