Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданына қарасты Ақжона ауылдық округінің орталығы – Майдакөл елді мекенінде ауыл күні кең көлемде аталып өтілді. Мерекелік шараға осы қасиетті жерде туып-өскен азаматтар көптеп жиналды.

Орталық саябақта өткен салтанатты шарада аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтау сөз сөйлеп, Майдакөл ауылында атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті.

«Қасиетті Қазалы ауданыТәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына толымды табыстармен жетіп отыр. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы ішінде қазақ халқының жүрегі саналатын ауылдарға көп көңіл бөлінді. Оны бүгінгі Майдакөл ауылының тұрғындары да сезініп жатыр деп ойлаймын.

Біріншіден Тәуелсіздіктің арқасында Сырдария өзенінің «Әлсейіт» өткеліне темір бетон көпірі салынып, пайдалануға берілді. Бұл көпірді аудан халқы ғасырлар бойы армандады десек артық айтқандық емес.

Екіншіден ауылдағы біздің болашағымыз – балалар білім алатын мектеп ғимараты заманауи талаптарға сай салынған. 2020 жылы Майдакөл ауылында абаттандыру жұмысы жүргізіліп, ауыл орталығынан саябақ салынды.Одан бөлек биыл ауылдағы ауыз су сервистік желіге қосылды.

Биыл Майдакөл ауылындағы электр желілеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлініп, нәтижесінде 7,8 шақырым электр желісі мен 217 дана темір бетон бағаналары орнатылды.Жақында ғана Ақжона ауылдық округіне қарасты Жалпақ елді мекенінде медициналық бекеттің құрылысы басталды», – деген аудан басшысы ауқымды жұмыстар алдағы уақытта өз жалғасын таба беретін жеткізді.

Мұнан соң туған жердің өсіп-өркендеуіне белсене атсалысып, ауыл мәдениетін көтеруге өлшеусіз үлес қосқан бірқатар майдакөлдік азаматқа «Алғыс хат»тапсырып, ризашылығын білдірді.

Ауыл күні аясында «Жиенбай ишан» мешіті пайдалануға берілді. Осы елден шыққан азаматтар мен ауыл тұрғындарының күшімен салынған имандылық үйінің ашылу салтанатында Қазалы ауданының құрметті азаматы Самұрат Имандосов, философия ғылымдарының докторы Баймырза Қожамберлиев бастаған азаматтар құттықтау сөз сөйлеп, игі тілектерін жеткізді.

Бұл күні спорттың сан түрінен сайыстар ұйымдастырылды. Оған ауданымыздың әр түкпірінен келген спортшылар бақ сынады. Ұйымдастырушылар жарыс жеңімпаздарына қомақты ақшалай сыйлықтарды табыстады.

Тағы да оқыңыз: