Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылордада Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті.

Кеңесте Сырдария ауданының әкімі мен аудан әкімі орынбасарының тәртіптік істері қаралды. Аталған лауазымды тұлғалар күзгі егін жинау науқаны кезінде шаруа қожалығының жұмысына араласып, өздерінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болған.

Кеңес мүшелері лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттерін құқықтық жағынан бағалай отырып, аудан әкіміне қатысты тәртіптік істі тоқтату жөнінде шешім қабылдады. Әдеп кодексі талаптарын бұзғаны үшін аудан әкімі орынбасарын «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» тәртіптік жазасына тартуды ұсынды.

Бұдан кейін, мемлекеттік сатып алу заңнамалары талаптарын бұзған 5 мемлекеттік қызметшінің тәртіптік істері қаралды. Жаңақорған аудандық мемлекеттік сатып алу бөлімі басшысының, осы бөлімнің 2 бас маманының және Жаңақорған аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы мен бас маманының тәртіптері талқыға түсті. Аталған лауазымды тұлғалар шешімдерді дайындау мен қабылдау кезінде заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсеткен.

Тәртіптік істерді жан-жақты қараған Кеңес мүшелері, мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылықтарға жол берген Жаңақорған ауданы әкімдігінің қызметкерлеріне «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» тәртіптік жазасын қолдану жөнінде шешім етті.

Күн тәртібіндегі соңғы мәселемен Жаңақорған кенті әкімінің тәртібі әдеп таразысына түсті. Кент әкімі ресми шара өткізу барысында карантиндік талаптарды ескермеген. Лауазымды тұлғаның карантиндік талаптарды сақтамауы әлеуметтік желі қолданушылар тарапынан сынға алынып, мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірген. Кеңес мүшелері тәртіптік істі қарап, Әдеп кодексі талаптарын бұзғаны үшін Жаңақорған кенті әкіміне «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» тәртіптік жазасын беруді ұсынды.

Тағы да оқыңыз: