«Е-Salyq Azamat» қосымшасын 28 мыңнан астам қызылордалық қолданады – Kyzylorda News
Басты бет

«Е-Salyq Azamat» қосымшасын 28 мыңнан астам қызылордалық қолданады

01.07.2022, 15:00

219 0

Kyzylorda-news.kz. Қазіргі таңда, «e-Salyq Azamat» қосымшасын 28 мыңнан астам қала тұрғыны қолданып отыр. Қосымшаның тиімділігі – тұрғындар банк бөлімшесіне бармай-ақ, комиссиясыз мерзімінде салық төлей алады.

«Биыл жалпыға бірдей декларацияға көшудің бірінші кезеңі жүзеге асырылуда. Жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңі аясында 250.00 нысандағы декларацияны мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалар, сондай-ақ олардың жұбайлары (зайыптары) ұсынуда», – деді Қызылорда қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Қуанышбек Тыныс.

Бұдан бөлек, қазіргі таңда салық органына жеке тұлғалардың меншік құқығына тіркелген мүлік, жер, көлікке есептелінген салық берешегі бойынша шағымдардың түсуі артқан. Шағымның басым көпшілігі жеке тұлға меншігіне тіркелген мүлікпен келіспеуіне байланысты бағытталған.

«Осы ретте, айта кетерлігі Мемлекеттік кірістер басқармасы жеке тұлғалардың меншігін тіркеу немесе тіркеуден шығару бойынша қызмет көрсетпейді. Аталған қызметті уәкiлеттi мемлекеттік органдар және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жүзеге асырады», – деді Мемлекеттік кірістер басқармасының Жеке тұлғалармен жұмыс бөлімінің басшысы Жорабек Суюрбаев.

Сондай-ақ, басқарманың бастамасымен қалалық полиция басқармасының, жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасымен бірлесіп, көлік салығынан берешегі бар салық төлеушілерге рейдттік іс-шара жүргізілуде. Іс-шара нәтижесінде жолдардағы салық берешегі бар автокөліктер анықталып, 57 салық төлеушіден бюджетке 7 426,4 мың теңге көлік салығы өндірілген, бұдан бөлек 4 автокөлік арнайы айыппұл тұрағына қамалған.