Kyzylorda-news.kz. Биыл ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешені саласындағы мамандарға әлеуметтiк қолдау шараларын көрсету қағидаларын бекіту туралы бұйрығына өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты жаңадан бекітілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Нұрасылова баяндады.

«Енгізілген өзгерістерге сәйкес «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен барған маман тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит түріндегі әлеуметтік қолдау шаралары арқылы жақын туыстарынан тұрғын үй-жай сатып ала алмайды. Кредиттік бюродан несие тарихын ұсынады және кез келген несие бойынша берешек болған жағдайда оларды толық өтеген сәтке дейін берілмейді. Сондай-ақ, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасқан жағдайда құжаттарды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы немесе электронды веб-порталы арқылы ұсынады»,-деді Алмагүл Рахманбердіқызы.

Сонымен қатар, өңірде «Дипломмен ауылға» жобасы аясында ауылдық елді мекендерге барып, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік қамсыздандыру, агроөнеркәсіптік кешені саласы бойынша жұмысқа орналасқан 378 маманға жергілікті бюджеттен біржолғы көтерме жәрдемақы төленді. Ал 549 маманға жеңілдетілген несиемен тұрғын үй алуға немесе салуға республикалық бюджеттен қаржы бөлінді.

Қазіргі таңда, жоба аясында ауылдық елді мекенге барған маман жұмысқа орналасқан жағдайда 100 айлық есептік көрсеткіш (2778*100 АЕК=277 800 теңге) көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы алады. Ал тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін 1500 айлық есептік (1500*2778 АЕК=4 167 000 теңге) көрсеткіштен аспайтын көлемде 15 жылға дейінгі мерзiмге жылдық 0,01 % сыйақы мөлшерлемесімен бюджеттік несие түрінде әлеуметтік қолдау шараларын алу мүмкіндігі бар.

Тағы да оқыңыз: