Дархан Ерназаров: Терроризм – біздің тарихи санамыз бен табиғи болмысымызға жат құбылыс – Kyzylorda News
Басты бет

Дархан Ерназаров: Терроризм – біздің тарихи санамыз бен табиғи болмысымызға жат құбылыс

15.07.2021, 17:30

381 0

Kyzylorda-news.kz. Адамзат тарихында пайда болған барлық діндер гуманистік идеяны, қоғамдағы рухани құндылықтарды насихаттаған. Ешбір дін зұлымдық пен қиянатқа, зорлық-зомбылыққа жол бермеген. Дегенмен, адамдар арасында билік пен байлыққа талас туындағанда діннің атын жамылып, мистикалық ұғымдарды, медитациялық тәсілдерді пайдаланған, ораторлық қабілеттерін дамытқан теріс пиғылды белсенді индивидтердің әрекеті әр түрлі діни ағымдардың пайда болуына әкелді. Бұл құбылыста ислам діні де шетте қалмады.

Ислам діні қазақ даласына таралу кезеңінде  Әбу Насыр Әл-Фараби, Ахмет Игүнеки, Жүсіп Баласағұн, Махмуд Қашғари, Қожа Ахмет Яссауи, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы т.б. шоқтығы биік тұлғалардың рухани көкжиегіне елеулі әсер етті. Ал, Ахмет Байтұрсынұлы, Ыбырай Алтынсарин, Мұстафа Шоқай, Шоқан Уәлиханов, Сұлтанмахмұт Торайғыров сынды ағартушы зиялылардың ғұмыр баспалдағында алғашқы сауатын медреседен ашқан. Осыдан-ақ дәстүрлі ислам құндылықтары халықты рухани кемелденуге, адамгершілік пен имандылыққа тәрбиелейтінін аңғаруға болады.

Тарих сахнасында қазақ халқы діни сенімді, рухани мұраларды билікке қол жеткізу мақсатында саяси құрал ретінде пайдаланбаған. Шығыс пен Батысты жалғастырған «Жібек» жолындағы сауда-саттық барысында будда, христиан діндері де ұлы дала төрінде таралып үлгерді. Алайда, дін мәселесі төңірегінде алауыздықтар, өзге дін өкілдерін кемсіту секілді оқиғалар орын алмаған.

Замана келбетінде жақсылық пен жамандық, қараңғылық пен жарық, мейірімділік пен зұлымдық қатар жүргендіктен, бейбітшілікке үндейтін ислам әлемімен бірге соғыс отынының тұтануына мүдделес топтардың жүретінін табиғи заңдылық деп те қарауға болады. Мұндай масштабты хаосты көздейтін, қарулы қақтығыс арқылы мемлекеттің қауіпсіздігіне зиян тигізетін әрекеттерге «Терроризм» ұғымы беріледі.

«Терроризм»(латын тілінен аударғанда «terror» – қорқыныш, үрей деген мағынаны білдіреді) саяси мақсатты сылтауратып, күш қолдану, қоғам мен мемлекетке қысым жасау мақсатында жасалатын қасақана қылмыстық іс-әрекет болып табылады.

Терроризмнің үш сипаты бар, бірінші саяси, екінші діни және үшінші ұлттық сипаттағы төңкеріс. Жекелей тоқталсақ, 1) саяси сипаты – революциялық жолмен билікті басып алуға, қоғамдық резонанс тудыру арқылы мемлекеттің күйреуіне апаратын әрекет. 2) діни сипаттағы терроризм – діни ұғымдарды, догмаларды алға тартып, лаңкестік әрекетке шақыру және жасау. 3) ұлттық сипаты – ұлтаралық қақтығысқа, фашисттік идеяға басымдылық беру арқылы елдің тыныштығы мен бірлігін бұзуға әкелетін әрекет болып табылады.

XVIII ғасырда пайда болған бұл «Терроризм» ұғымы соңғы 20 жылдықта кеңінен қолданыла бастады. Бұған себеп 2001 жылғы 11 қыркүйекте АҚШ-та болған оқиға мен содан бері Ирак, Ауғанстан, Сирия, Ливан елдерінде жалғасып келе жатқан лаңкестік әрекеттер болып отыр. Таяу Шығыс елдерінің соғыс алаңына айналуының негізгі себептерінің бірі Батыстық «Исламофобиялық стратегиядан» шыққан деген болжамды пікір бар. Бұл ақпараттық идеологияның жұмысы нәтижесіз болмағандығын байқаймыз.

Сондықтан, сыртқы ықпалды күштердің құрығына ілінбей, діни фанатизмге жол бермес үшін ата-баба дәстүрімен біте қайнасқан рухани және мәдени құндылықтарымызды бағалау, интернет кеңістігі мен қоршаған ортадан ақпарат алмасу барысында ішкі сүзгіден өткізу және Тәуелсіздік тұғырымызды сақтау жолында еңбек етуіміз қажет деп білемін.

Қорытындылай келе, тарихымызда қазақ халқы арасында теократиялық мемлекет, халифат құру секілді мәселелер көтерілмеген. Қоғамдық шиеліністерді бейбіт түрде шешу төрелігін билер алқасы орындап отырды. Бұл тарихи фактілер халық дүниетанымында діни тағаттылықтың орныққандығын көрсетеді.

Дархан ЕРНАЗАРОВ,

Қызылорда облысы Дін істері басқармасының маманы

0

Пікір қалдыру