Kyzylorda-news.kz. Биыл еліміздің үш өңірінде жауын-шашын аз түседі. Сондай-ақ, екі облыста құрғақшылық болуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Президенті Телерадиокешінінің «Үш сұрақ» бағдарламасында сұхбат берген «Қазгидромет» РМК Бас директоры Данара Әлімбаева мәлім етті.

«Бұған дейін Қызылорда облысының Қармақшы ауданында және Мағыстау облысының Қарақия ауданында биыл құрғақшылық болатынын мәлімдеген едік. Бұдан бөлек, биыл жауын-шашын жетіспеушілігі болуы мүмкін өңірлерді анықтадық. Біздің болжам бойынша, Ақтөбенің Әйтеке би және Хромтау аудандарында жауын аз жауады. Ал, Қызылорда облысының басым бөлігінде жаңбыр жауу көрсеткіштері өте төмен. Қарағанды облысының Қарқаралы мен Нұра аудандарында да жауын-шашын дефициті болуы мүмкін», – деп болжам нәтижелерін баяндады Данара Әлімбаева.

Бұған қоса, «Қазгидромет» басшысы егін шаруашылығымен айналысатын өңірлерде биыл ауа-райы қолайлы болатынын айтты.

«Алдын ала деректер бойынша, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында егін шығымы жылдық нормаға сәйкес болады деп күтіліп отыр. Ал, Түркістан мен Жамбыл облыстарындағы күздік дақылдар шығымы белгіленген көлемнен көп болуы мүмкін. Өйткені, бұл өңірлерде жауын көп жауады», – деді «Қазгидромет» РМК Бас директоры.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Қазгидромет» жаһандық жылыну деңгейі әлем бойынша Қазақстанда өте жоғары екенін мәлімдеп еді.

ҚазАқпарат

Тағы да оқыңыз: