Kyzylorda-news.kz. Кешелі бері бүкіл әлем жұртшылығы Қырғызстандағы болып жатқан саяси оқиғаларға алаңдаулы. Әрине, елдегі болып жатқан саяси оқиғалар Қырғыз мемлекетінің, қырғыз халқының ішкі жұмысы. Дей тұрғанмен ел астанасы Бішкекте  болып жатқан дүрбелеңге, көрші туыс ел болғандықтан  бізде алаңдаймыз. Бұл ең алдымен  аймақтық тұрақтылыққа әсер етуі мүмкін.

Елде болған парламент сайлауының қорытындысына келіспеген халық жаппай наразылыққа шықты. Бішкек көшелерінде тәртіпсіздіктердің салдарынан бірнеше адам дене жарақатын алды. Кейбіреулер айтатындай бұл демократияға тән нәрсе деген ойдан аулақпын. Елде демократиялық қатынастардың орнауы бұл билікке де, азаматтық қоғамға да көп бай­ла­нысты. Олар өзара ынтымақтасып жұмыс істей біл­генде ғана нәтижесі мол болады.

Билік пен қоғам­ның түсіністікпен жұмыс істеуі елдегі тұрақтылыққа жеткізеді.  Қырғызстанда бұған дейін де бірнеше президенттер ауысып,  олардың көбінің саяси карьерасының өкінішпен аяқталғаны белгілі. Біз Қырғызстандағы саяси қақтығыстар жақын арада тоқтатылып, елде тұрақтылық орнайды деп сенеміз. Туыс әрі көрші елдегі саяси тұрақтылық  Қазақстан елі үшін де қымбат екенін сезіне отырып,  бауырлас қырғыз халқын сабырлық пен төзімге шақырамыз.

Дәулет ОМАРОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті,

тарих және Қазақстан тарихы кафедрасыныңаға оқытушысы,

философия докторы (Ph.D)

Тағы да оқыңыз: