Kyzylorda-news.kz. Қазақ «Дені саудың – жаны сау» деп тегін айтпаса керек. Сананы ақша билеп, соған ғана тәуелді болып тұрған мына алмағайып заманда денсаулықты ғана сатып ала алмайтынымыз рас.

Осыдан біршама уақыт бұрын денсаулығыма байланысты көп бейінді облыстық аурухананың № 2 хирургия бөлімшесінде ем алып, әуелі Алла, содан кейін бөлім меңгерушісі Мантаева Бекет Тайшыбекұлы бастаған ұжымның дәрігері Арыстанова Айдана Нұрбайқызының ем-шарасының арқасында, мейірімді мейірбикелер Құралай Сарымбетова, Балқия Қайымова, Әмида Балмырза, Гаухар Әбжан, Жанат Ыдырысова мен күтуші Лиза Ошманованың зор қолдауымен отбасыма аман-сау оралып жатқан жайым бар.

Сын сағатта менің жанымды аман алып қалу үшін күрескен дәрігерлердің көмегі ерекше болды. Ақ халатты абзал жандардың көмегінің арқасында өмірге қайта келгендей болдым. Бар білім-біліктерін салып екі бірдей отаны сәтімен өткізген ақ халатты абзал жандар «Адам жанының арашасы» деген ардақты атауға әбден лайықты дер едім. Әрі осындай еңбектері өлшеусіз денсаулық жанашырларына шексіз аналық алғысымды білдіремін. Қызметін адал атқарып, халықтың алғысына бөленіп жүрген осындай жандардың аялы алақаны мен мейірімі, кәсіби біліктілігі, ақжарқын жүздері әр науқастың дертіне шипа сыйлайтыны сөзсіз. Алла кәсіптеріңізге береке берсін, халықтың алғаусыз алғысына бөлене беріңіздер!

Жұлдыз Қуандықова,

Денсаулық сақтау саласының ардагері

Тағы да оқыңыз: