Kyzylorda-news.kz. Салымшылардың зейнетақы жинақтарын алуға берген өтініштерін қабылдамаудың бес негізгі себебі аталды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Бірінші себеп: салымшының уәкілетті операторға берген өтінішінде алуға болатын соманың қате, оның ішінде қолда бар зейнетақы жинақтарының мөлшерінен асыра көрсетілуі.

Ұсыным: қолжетімді сома туралы мәліметтерді қоса алғанда, өз зейнетақы жинақтары туралы өзекті ақпаратты (enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте, БЖЗҚ мобильді қосымшасында, egov.kz порталында) тікелей уәкілетті операторға біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға өтініш берер алдында тексеру.

Екінші себеп: жеке табыс салығын (ЖТС) төлеу тәсілін таңдау кезінде алуға болатын соманың дұрыс көрсетілмеуі.

Ұсыным: салымшының зейнетақы жинақтарын мақсатты алу (тұрғын үйге, емделуге) кезінде жеке табыс салығын (ЖТС) төлеу бойынша екі тәсілдің бірін таңдауға құқығы бар.

Бірінші тәсіл – ЖТС төлеуді кейінге қалдырып, оны зейнеткерлікке шыққаннан кейін (БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдерінің белгіленген кестесі бойынша) он алты жылдан аспайтын мерзім ішінде ай сайын тең үлестермен төлеу. Екінші тәсіл – салықты біржолғы зейнетақы төлемін алған кезде бірден толық төлеу. ЖТС төлеу тәсілін уәкілетті операторға беретін өтініште көрсеткен жөн”, – делінген хабарламада.

Салымшы ЖТС төлеуді кейінге қалдырғысы келсе, өтініште алуға болатын соманы ЖТС шегерімінсіз көрсетуі қажет екені айтылды. Ал ЖТС-ті толық көлемде бірден төлеуді шешсе, онда өтініште алуға болатын соманы 10 пайыз мөлшеріндегі ЖТС-ті шегере отырып көрсетуі тиіс.

Екі сома да БЖЗҚ-дан берілетін үзінді көшірмеде салымшыға ыңғайлы әрі өз бетінше таңдау жасау үшін көрсетілген. Салымшы көрсеткен алуға болатын сома БЖЗҚ-дан уәкілетті операторда ашылған оның арнайы шотына аударылады.

Үшінші себеп: салымшының өтінішінде алуға болатын сома ең төменгі жеткіліктілік шегі есепке алынбай көрсетілген (мысалы, жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының барлық сомасы көрсетілген).

Ұсыным: өтініште салымшы БЖЗҚ-дан алған үзінді көшірмеде көрсетілген және алуға қолжетімді соманы көрсетуі керек.

Төртінші себеп: өтініште валюта бағамдарының немесе зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліндегі қаржы құралдары құнының өзгеруі нәтижесінде инвестициялық табыстың нарықтық ауытқуына байланысты зейнетақы жинақтары сомасындағы өзгерістер ескерілмеген өзекті емес сома көрсетілген.

Ұсыным: өзінің зейнетақы жинақтары туралы өзекті ақпаратты, оның ішінде қолжетімді сома туралы мәліметтерді біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға тікелей өтінім берер алдында тексеру.

Бесінші себеп: салымшы қайтадан, алдыңғы өтінімді тағы да берді.

Ұсыным: күте тұрыңыз. Заңнамаға сәйкес БЖЗҚ-ға уәкілетті оператордан электрондық хабарлама келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде БЖЗҚ операторға кейіннен салымшының (алушының) уәкілетті оператор ашқан арнайы шотына есепке жатқызу үшін біржолғы зейнетақы төлемінің сомасын аударады”, – делінген хабарламада.

БЖЗҚ-дан уәкілетті операторға бас тарту себебі көрсетілген, төлемді аударудан бас тарту туралы электрон хабарлама келіп түспесе, онда салымшы жинақ сомасы оның арнайы шотына аударылғанша бес жұмыс күн күтіп, уәкілетті операторға қайтадан өтініш бермей күте тұруы керек.

Еске салайық, салымшының БЖЗҚ-да жеткіліктік шегінен асатын сомасы болған кезде оны пайдалануға өтінішті шексіз бере алады. Қандай да бір себеппен салымшыға біржолғы зейнетақы төлемін алуға арналған өтінішті қанағаттандырудан бас тартылса, онда бас тарту себебін жойып, уәкілетті операторға қайта өтініш беруге болады. Салымшы өз жинақтарын әртүрлі мақсаттарға пайдаланғысы келсе, жекелеген өтініштер беруге болады.

Тағы да оқыңыз: