Kyzylorda-news.kz. 1 наурыз елімізде жалпыхалықтық мереке – Алғыс айту күні. Бұл күні қазақстандықтар бір-біріне құрмет көрсетіп, ризашылығын білдіреді. Аталған мерекенің тарихына қысқаша тоқталып өтсек.

Алғыс айту күнінің тарихын білесіз бе?

Кешегі қилы заманда қазақ халқы тағдырдың жазуымен елге келген өзге этнос өкілдеріне кең құшағын жайып, бауырына тартты, бір үзім нанымен бөлісті.

Столыпин реформасы кезінде елге тұтас этностар депортацияланды. Түрлі этнос өкілдерін вагондармен ашық далаға әкеп тастады. Онсыз да күнін әрең көріп отырған қазақ отбасылары оларды үйіне кіргізіп, қамқорлық танытты. XX ғасырдың басында Қазақстанға Беларусь, Ресей және Украинадан 1,1 миллион адам қоныс аударды, ал 1930 жылдары ұжымдастыру барысында 250 мың шаруа жер аударылып, тағы 1,2 миллионға тарта адам өнеркәсіп нысандарын тұрғызуға келген. Олардың бәрі Қазақстанда орнығып, қиын кезеңдерді қазақ халқымен бірге еңсерді. Сондықтан елдегі мерекелер қатарының Алғыс айту күнімен толығуы игілікті іс болды. Бұл күннің астарында қазақ халқының бауырмалдығы мен мейірімділігіне ризашылық білдіру жатыр.

Алғыс айту күні – қазақстандық патриотизмнің, бірлік пен достықтың жарқын мерекесі. Қазақстан халқы бұл мейрамды алғаш рет 2016 жылы атап өтті. 2016 жылдың 14 қаңтарында ҚР тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін, яғни 1 наурызды Алғыс айту күні етіп жариялады.

“Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн, яғни  1 наурызды жыл сайын барлық этностың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Бұл күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді”, – деген болатын Назарбаев Ассамблея сессиясында.

Бұл мерекенің мақсаты – өскелең ұрпақты достық, бір-біріне деген құрмет пен толеранттылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, Қазақстанда этникаралық келісім мен ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту болып табылады.

Тағы да оқыңыз: