Kyzylorda-news.kz. Соңғы кездері Қызылорда облысында өрт оқиғасы жиілеп кетті. Мәселен, биыл аймақта 249 өрт оқиғасы орын алып, өткен жылмен салыстырғанда 7,6 пайызға көбейген. Бұл туралы Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Асхат Оразбаев мәлімдеді.

Салаға жауаптылардың айтуынша, қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың кесірінен қайғылы оқиғалар жиі тіркеліп отыр.

«Жыл басынан бері өрт оқиғасынан 2 адам қаза тауып, 3 адам түрлі дене жарақаттарын алды. Жыл сайын төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жылу беру маусымы қарсаныңда қауіпсіздік ережелерін сақтау және өртті болдырмау туралы тұрғындарға түсіндірме жүргізеді. Дегенмен, өткен жылу беру маусымында облыстағы тұрғын үйлерден 162 өрт шықты», – дейді Асхат Оразбаев.

Басқарма басшысының айтуынша, оқыс оқиғалардың дені тұрмыстық пештің талапқа сай келмеуі және қараусыз қалған балалардың олқылығынан орын алады.

«Көбінесе мұндай оқиғалар тұрмыстық пештердің талапқа сай келмеуінен және балаларды қараусыз қалдырудан пайда болады. Қазіргі таңда әлеуметтік жағдайы осал санатындағы отбасылардың үйлеріне датчиктер орнатылуда», – дейді Асхат Оразбаев.

Тағы да оқыңыз: