Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында биыл 1 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарынан көз жұмды. Мыңға жуық әйел зардап шеккен. Ал үрей мен қорқыныш құшағына енген қыз-келіншектер қаншама? Барар жері, болмай тауы шағылған жандарға кім қолдау көрсетеді? Сұрақтарымызға жауапты Қызылорда облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Бауыржан Ибраевтан алуға тырыстық.

          – Бауыржан Әшімұлы, әйелге қол көтеру ерлік пе?

Отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Құқық қорғау мамандары тұрмыстағы кикілжіңдерден әйелдер мен балалардың жиі зардап шегетінін айтады. Ал білектінің алдында әйел-әлсіз, бала-қорғансыз болып тұр. Әлісізге қол көтеру ерлеріміздің азаматтығына үлкен сын.

-Әйелдер арыздануды ар санайды. Осыған не айтасыз?

Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайтыны анық. Ал келіспеушіліктің басым бөлігі әлеуметтік жағдайдан туындайды. Келіспеушілік жанжалға ұласып, отағасы жұбайына қол жұмсайды. Алайда қазақ әйелдері соққыға жығылса да сабырлыққа салады. Отбасындағы оқиғаны жарияға жар салғанды ар көреді. Сондықтан құқық қорғау органдары зорлық-зомбылық көрген нәзік жандылардың нақты санын айта алмайды.

Заң не дейді?

Өткен жылы елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң актілеріне түзету енгізілді. Бұл түзетулер отбасы шырқын бұзатын адамдарға қатысты жазаны күшейту мақсатында жасалып  отыр. Енді жаңа заңның жазасы жеңіл емес. Зорлық-зомбылық көрсеткендер қатаң жазаланады.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермейік. Қоғамда болып жатқан заңсыздыққа көз жұма қарамай, өзіңіздің үлесіңізді қосыңыз деп тұрғындардан сұраймыз!

Осы мәселе бойынша полиция қандай жұмыстар атқаруда?

Тұрмыста құқық бұзушылық жасауға бейім адамдарды анықтап, жалпы отбасы-тұрмыстық қатынастардағы көпке созылған кикілжің жағдайлар әйелдерге қатысты құқыққа қарсы әрекеттің жасалуына негіз болатынын, отбасы-тұрмыстық жанжалға қатысушыларға ықпал ету арқылы учаскелік полиция инпекторларымен, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының қызметкерлерімен алдын алу жұмыстары ұйымдастырылуда.

Жұмыс барысын жандандыру мақсатында облыс бойынша халық көп жиналатын демалыс орындарында, аялдамаларға, сауда үйлер, оқу орындары  мен мекемелерге барлығы 6000 ақпараттық материалдар таратылды, оның ішінде қалалық жерлерде 3 000,  ауылдық жерлерде 3 000 ақпараттық материалдар таратылды.

Аталған бағыттағы жұмыстар барысын жандандыру мақсатында – ІІО-ның қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымның мамандары, волонтерлармен бірлесіп, халықтар көп жиналатын демалыс орындарында, аялдамаларға, оқу орындары мен мекемелерге 1 000 дана плакаттар ілініп, лифлеттер таратылды. Іс-шара барысы БАҚ өкілдерімен бірлесе атқарылып, әлеуметтік желілері арқылы жарияланды.

Сонымен қатар, облыс көлемінде ауқымды «Тұрмыс», «Квадрат», «Көрші бақылауы», «Учаске», «Балалар түнгі қалада», «СТОП трафик» жедел профилактикалық шаралары өткізіліп, шараға  полиция қызметкерлерімен бірлесіп үкіметтік емес ұйымдар, волонтерлар және қоғамдық қор  мүшелері  жұмылдырылды.

Ішкі істер органдарының бөліністерінде 9 сенім телефондары бар. Әйелдерге қатысты проблемалық мәселелер бойынша сенім телефондарына барлығы 110 қоңырау түскен.  Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге құқықтық, психологиялық көмектер көрсетіліп, қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында дағдарыс орталықтарына  51 (былтыр -48)  әйел орналастырылды.

Қазіргі таңда Қызылорда облысында әйелдердің құқығы мен мүдделерін қорғаумен айналысатын мемлекеттік емес 4 пана үйлер бар.

Олар: «Жан», «Ана Үйі», «Қамқорлық» дағдарыс орталықтары және «Арал балалары» әлеуметтік қонақ үйі бар.

Жоғарыда аталған орталықтарға полиция қызметкерлері тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшыраған және зорлық-зомбылықтың салдарынан кейінгі әйелдерді бейімдеу мақсатында «Жан» дағдарыс орталығына 33 әйел жолданса, «Ана Үйі» орталығына 2 азаматша орналастырылды, ал «Қамқорлық» дағдарыс орталығына жыл басынан 10 отбасы, яғни 24 әйел орналастырылған. 

 Сонымен қатар, жоғары және орта оқу орындарында -256, кәсіпорындар мен мекемелерде, ұйымдарда -131, «Жасөспірімдердің құқықтары, міндеттері, жауапкершілігі», «Зорлық-зомбылыққа жол Жоқ» «Зорлық-зомбылықсыз қоғам», «Бақытты-отбасы, бақытты -ел», «Адам саудасының құрбаны болма» т.б тақырыбында әңгімелер, дөңгелек үстелдер, тренингтер, брифингтер өткізілді.

Сұхбат соңында қыз-келіншектерге айтатыным, тұрмыстық зорлық-зомбылық бұл қылмыс, бір басталса ол өздігімен доғарылмайды. Зорлық-зомбылыққа жол бермеңіз, үй ішіндегі зорлық-зомбылық туралы ашық айтыңыздар! Зорлық-зомбылық қайталануы мүмкін екенін есіңізден шығармаңыз. Үнсіз қалмаңыз, бұл жайында айтыңыз! 102 нөміріне қоңырау шалыңыз демекпін.

Тағы да оқыңыз: