Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемде соңғы 100 жыл ішінде болмаған аса күрделі дағдарыстан кейінгі кезеңде еліміздегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу міндетін айқындайтын «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс – қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялап, азаматтарымыздың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге бағытталған 11 нақты іс-қимыл жоспарын белгілеп берді. Бүгінгі күні жолдау ақпарат құралдарында кеңінен талқыланып, халықтан қолдау табуда.

Өздеріңіз білесіздер, ел президенті Қ.К.Тоқаев, мемлекет басқару ісінде ең алдымен “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” құру идеясын қолға алған еді. Бұл дегеніміз – мемлекеттік органдардың тек азаматтардың күнделікті мәселесіне байланысты жауап беруі емес. Ол ең алдымен, президент жанынан құрылған қоғамдық сенім кеңесі арқылы, республикалық және аймақтардағы қоғамдық кеңестер арқылы билік пен азаматтық қоғам арасындағы тұрақты диалог орнатудың идеясы болатын.

Бүгінгі қоғамдық кеңестердің өзі де, азаматтық қоғамның көкейінде жүрген қоғамдық маңызы бар, түйткілді мәселелерді айқындап, оны билік өкілдерімен бірге талқылап, өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп отыратын консультативті-кеңесші орган ретінде жұмыс жасап келеді.

Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына кезекті жолдауында, Үкімет пен Парламенттің алдына, бүгінгі қоғамдық кеңестердің ролін арттырудың, оларды мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру жұмысына қатыстырудың, оның құрамына түрлі әлеуметтік топ өкілдерін, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды кеңінен тартудың қажеттілігін айтып, мемлекет тарапынан оларды ерекше назарға алуды және Парламенттің қарауындағы «Қоғамдық кеңестер туралы» заң жобасын жылдың аяғына дейін қабылдауды тапсырды.

Президент сонымен бірге, мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын, мемлекеттік бақылауға балама ретіндегі қоғамдық бақылау институтын құрып, оның тиісті құқықтық негізін қалыптастыру үшін “Қоғамдық бақылау туралы” заң әзірлеп қабылдаудың қажеттілігін айтты.

Ал, биліктің азаматтық қоғаммен сындарлы диалог орнатуы үшін, мемлекеттік органдардың шешімі жөніндегі ақпараттың ашықтығының маңызы зор екендігі анық. Сондықтан да, мемлекет басшысы, мемлекеттік органдар мен Квазимемлекеттік құрылымдардың қаржы-шаруашылық қызметін, бюджет қаражатын пайдалану жөніндегі мәліметтерін және басқа да құнды деректерді бүкіл қоғамға қолжетімді ету үшін, бірыңғай ақпараттық ресурс құру жөніндегі арнайы заң жобасын да мүмкіндігінше жылдам қабылдауды тапсырды.

Міне, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қалыптастыру идеясының толық қанды жүзеге асуы үшін қажетті осы үш заң қабылданған уақытта ғана, азаматтық қоғам, көкейінде жүрген өз проблемасымен өзі қалмай, оны билікпен бірге ашық диалог алаңында талқылап ортақ шешімге келуге және бүгінгі күні орын алып отырған халықтың билікке деген кейбір наразылығын бәсеңдетуге де септігін тигізері анық.

Бақытжан САЙЛЫБАЕВ,

Қызылорда облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы

Тағы да оқыңыз: