Kyzylorda-news.kz. Жыл басында басталған пандемия әлемді түбегейлі өзгертті десек болады. Қоғамның аяқ алысы өзге арнаға бұрылып, бұрынғы тіршіліктің бәрі түрленді. Біздің ел тұрғындары да байырғы тұрмысын жаңалауға кірісіп, індеттен түбегейлі арылуға әрекет етті.

Өйткені коронавирустан әлем әлі толыққанды айыққан жоқ. Кешегі қиын күндер ел экономикасына кері әсерін тигізіп, мемлекеттің иығына ауыртпалық салды. Халықтың тұрмыс-тіршілігі де қиындап, кәсіпкерлік нысандардың жұмысы көптеген кедергілерге ұшырады.

Бірақ біздің мемлекет бұл қиындықтарды да еңсеретіні сөзсіз. Бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жолдауда біраз мәселенің шешу жолдары қарастырылған. «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деп аталатын дәстүрлі Жолдау елді жаңа бағытқа бастап тұр.

Рас, әлемдік пандемия басталған шақта біз кемшіліктерге жол бердік. Кеселге қарсы тұруда мамандарымыз бен өзге ресурстардың аздығы сезілді. Президент осы Жолдауда бұл олқылықтардың орнын толтыруды көздеген. Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру бағытында қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажеттігін айтты. Сонымен қатар, аграрлық саланы дамытпай бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін де атап өтті. Демек, алдағы уақытта аталған салаларға тың серпін беріледі деген сөз.

Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатын көтеру бағытында зейнет ақы жинақ қорындағы қаржыны да иелеріне баспана, білім алуға және денсаулығын түзеу бағытында жұмсауға рұқсат беру керектігін де жеткізді. Әрине, бұл ел тұрғындарын жайлы баспанамен қамтылуына зор мүмкіндік береді. Қазір тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар. Егер зейнатақы қорындағы ақшаны осы бағдарламалар арқылы жарата алсақ, біраз отбасының үйлі болары сөзсіз.

Бұл ғасыр білім-ғылым және озық технологиялардың заманы екенін пандемемия тағы бір айқындағандай. Осыған орай Перзидент биылға Жолдауда сапалы білімге айрықша көңіл бөлген. Білім сапасын арттырудың алғашқы қадамы ретінде 2021 жылдың қаңтар айынан бастап ұстаздары жалақысының 25 пайызға көтерілетіндігін айтуға болады. Мұнан бөлек, «Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ, «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсырамын» деуі Қазақстанда ғылымның жаңа дәуірі басталады дегенге саяды.

Биылғы Жолдаудың тағы бір ерекшелігі – ұлттың жаңа болмысы жайлы айтылуы. Ысырапшылдық пен даңғазалықтан тиылу қажеттігін айтқан мемлекет басшысы жаңа буынның білімді де білікті болуға тәрбиелеу қажеттігін жетізді. Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құрудың 6 талабын ұсынған Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғамның жат әдеттерден біртіндіп арылу қажеттігін алға тартады.

Қалай десек те, бүгінде бәрі өзгерді. Әлем жаңа бағыт ұстанды. Сондықтан біздің еліміз де заман ағымынан қалмай, жақсы жағынан өзгеруі тиіс. Сондықтан биылғы Жолдаудың оң өзгеріске бастайтынын айрықша атап өткен жөн. Ендігі мақсат осы құжатта айтылған әрбір істі тиянақты атқарып, жаңа кезеңге жетістіктермен қадам басу қажет.

Бақытжан КАМАЛОВ,

Облыстық ішкі саясат басқармасының Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры

Тағы да оқыңыз: