Kyzylorda-news.kz. 25 мамырда өткен қалалық жедел штабтың отырысында Байқоңыр аумағында коронавирус инфекциясы бойынша карантинді 2020 жылдың 15 маусымына дейін ұзарту шешімі қабылданды, деп хабарлайды.

Бұған дейін шектеу шараларын 1 маусымда алып тастау жоспарланған еді.

Штаб отырысында Ресейдің Федералды медико-биологиялық агенттігі «Байқоңыр» кешенінің өңірлік басқармасының басшысы Андрей Попов коронавирус инфекциясын жұқтырған жаңа жағдайлар туралы хабарлады.

Жалпы алғанда Байқоңырда жағдай тұрақты: 241 адам өз үйлерінде оқшауландырылды. Инфекцияға 287 тест тапсырылды. Оның 7-еуі оң нәтиже көрсетті (16-24 мамыр).

Қызылорда облысындағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, штаб мүшелері COVID-19 індетінің таралуын алдын алу бойынша шектеу шараларын 2020 жылдың 15 маусымы сағат 00:00-ге дейін ұзартуды шешті.

Осы күнге дейін бақылау-өткізу пунктерінде шектеулер сақталады. Байқоңыр қаласы, Торетам кенті және Ақай ауылдық округінің тұрғындары бақылау-өткізу пунктері арқылы арнайы рұқсат қағаздары бойынша өтетін болады.

Сонымен қатар, жедел штабтың шешімімен күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режим мен әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, көрмелер мен мұражайлардың, меншік түріне қарамастан жабық түрдегі спорт нысандарының, фитнес-клубтардың және спорт залдарының қызметіне рұқсат етілді.

Тағы да оқыңыз: