Kyzylorda-news.kz. «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ирандық «Хайям» жерсерігі ұшырылды. Бұл туралы Kyzylorda-news.kz ақпарат агенттігінің тілшісі хабарлады.

Жерді қашықтықтан зонттау қызметін атқаратын жерсеріктің әуеге көтерілуін ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Халық Қаһарманы, ғарышкер Айдын Айымбетов, Иран Республикасынан келген делегаттар мен «Жер және ғарыш ғылымы» атты ұлттық жобаның жеңімпаздары атанған 10 оқушы көріп, тамашалады.

«Мен Алматы қаласынан арнайы осы зымыранның ұшуын тамашалауға келдім. Жалпы, ғарыш саласы бойынша «адам және ғарыш» ғылыми жобасын даярлап, сайысқа түстім. Өзім осы салаға қызыққан соң, бүгін зымыранның ұшуын көріп, осы тарихи сәттің куәсі болғаныма қуаныштымын», – дейді 10 сынып оқушысы Кәмила Жұмабаева.

Ғарыш айлағында оқушылармен кездескен министр Бағдат Мусин оларға бұл жерсеріктің қызметін түсіндірді.

«Бұл жерсерік жерді қашықтықтан зонтайды. Жерді аспаннан суретке түсіріп, бейнелерді арнайы базаға жинақтайтын болады. Сонымен қатар базаға жиналған мәліметтерді іріктеп, талдайды. Бұл істі адам жасай алмайды, адам үйреткенімен жасанды интелект барлығын өзі атқаратын болады», – деді министр Бағдат Мусин.

Мұнан соң оқушылар елімізге тиесілі «Бәйтерек» ғарыштық кәсіпорнының базасын аралап, ондағы «Зенит» зымыран тасығышын құрастыратын кешеннің ішкі құрылысымен танысты.

Балалар одан әрі №45 нысанда болып, ұшу алаңымен танысып, жерасты болымен жүріп өтті.

Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, министр Бағдат Мусин «Байқоңыр» кешеніндегі бірқатар нысандарды аралап, байқоңырлық тұрғындармен кездеседі. Сондай-ақ, Роскосмос және Иран Ислам мемлекетінің ғарыш саласындағы басшыларымен жүздесіп, әріптестік байланысты одан әрі нығайту мақсатындағы бірқатар жобаларды талқылайды.

Тағы да оқыңыз: