Kyzylorda-news.kz. Дүйсенбі күні Мемлекет басшысы коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шаралары жөнінде кеңес өткізгені белгілі. Осы кеңесте әлемді екі өкпесінен қысып тұрған қауіпті аурудың еліміздегі ахуалы сараланып, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметтің алдына халықтың денсаулығын қорғау жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде дер кезінде жарияланған қатаң карантин шаралары уақыттан ұтып, эпидемияның қатты өршіп кетпеуіне мүмкіндік бергенін, Өкінішке қарай, Төтенше жағдай режимі тоқтатылғаннан кейін барлық карантин шаралары босаңсып кеткенін, биылғы 11 мамырда шектеулер алынғаннан кейін вирустың таралуы 7 есе өскенін жеткізді.

Кеңесте өңірлердегі ауруханаларда науқастар жататын орынға, медицина кадрларына, дәрі-дәрмекке, медициналық құрал-жабдықтарға тапшылық қатты байқалатынын ашық айтқан Президент ел Үкіметіне осы кемшіліктерді тез арада жоюға тапсырма берді.

“Пандемиямен күрес жөніндегі барлық шешімдерді, оның әлеуметтік және экономикалық теріс әсерлерін жоюды Премьер-Министр басшылық ететін тиісті Мемлекеттік комиссия аясында пысықтауды тапсырамын. Мемлекеттік комиссия ең маңызды деген ресурстардың таралуын бір орталықтан бақылауды қамтамасыз етуі тиіс. Қазіргі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін шұғыл шаралар қабылдау мақсатында Мемлекеттік комиссияға екі күннің ішінде биылғы наурыз-мамыр айларындағыдай қатаң карантин режимін енгізу мәселесі бойынша маған ұсыныс әзірлеп, енгізуді тапсырамын”, – деді кеңесте Қазақстан Президенті.

Бұл – өте дұрыс және қазіргі уақытта өте қажетті шешім.

Себебі, күн сайын еліміздегі ахуал, статистикадағы сандар өзгеруде. Яғни, коронавирус жұқтырған адамдардың саны көбейіп жатыр.

Демек, біз қауіпті кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Сақтанбасақ біз де бұл індетті жұқтырып алуымыз әбден мүмкін.

Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта бейқам жүрген жандардың қатары көбейді. Арамызда көшеде бетпердесіз жүріп, қауіпсіздік шаралары туралы мүлде ұмытқандар бар.

Сондықтан да, елімізде, облыстар мен өңірлерде карантин талаптарын қатаңдатсақ ғана бұл ауруға тосқауыл бола аламыз. Кеселдің таралуын өзгеден көрмей, өзіміз қауіпсіздікті қатаң сақтауға тиіспіз. Сонда ғана бұл індетті алыстатып, жақсы күндерді жақындатамыз.

Бастысы – жақындарымыздың денсаулығы мен амандығы өзіміздің қолымызда екенін естен шығармайық. Оларға жанашыр болайық!

“Иә, бұл – қауіпті ауру. Оны емдейтін вакцина әлі жасалған жоқ. Бірақ оны қауіпті екен деп байбалам салып, үрейге бой алдырмау керек. Сондай-ақ жөнсіз әрекетке барып, дәрігерлерге тіл тигізіп, санитарлық режимді бұзуға жол берілмейді. Ал науқастанып қалғандар сарыуайымға, пессимизмге салынбағаны жөн. Ем алумен қатар, ағзаның күші, адамның көңіл-күйі оның құлантаза айығып кетуіне ықпал етеді. Денсаулық сақтау министрлігі және санитарлық дәрігерлердің ұсынымдары мен талаптарын естен шығармауды сұраймын. Мұның бәрі мемлекеттің ең басты игілігі – сіздердің, Қазақстан Республикасы азаматтарының өмірі мен денсаулығын қорғауға арналған”, – деген Мемлекет басшысының сөздері баршамызды ойлантуы тиіс.

Сондықтан да әрбір қызылордалықты осынау қиын сәтте халқымыздың амандығы үшін барынша сабырлы, ұстамды және қоғам алдында жауапкершілікті болуға шақырамын!

Құрметті жерлестер!

Келеңсіз күндердің көбі кетіп, азы қалды. Халқымызда «Барына қанағат, жоғына сабыр» деген де жақсы сөз бар. Олай болса, бүгінімізге шүкіршілік жасап, сабыр сақтап, егер алда тек жақсы күндер болып, қалыпты өмірге тезірек оралуды ойласақ, карантин талаптарын қатаң сақтап, үйде болайық!

Сыр жұртшылығы осынау сындарлы сәтте ауызбіршілік танытып, аты жаман дертпен күреске өз үлестерін қосады  деп сенемін!

Қиындықты еңсеруге, әрине, әрбіріміз де жауаптымыз!

Барынша төзімділік пен сабырлылық танытайық!

Бахытжан САЙЛЫБАЕВ,

Қызылорда облыстық қоғамдық кеңес төрағасы,

М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі директоры

Тағы да оқыңыз: