Kyzylorda-news.kz. Біз Асан есімді орта жастан жақындаған жігіт ағасымен кездейсоқ таныстық. Қаланың шет аудандарының бірінен жер алып, үй салуды бастаған досымыздың құрылыс жұмыстарына жалданған екен. Біз де демалыс күндері көмек қолын созуға барып тұратынбыз. Арасында ішімдік ұрттап, «қызу» келеді. Сондай кездердің бірінде бейтаныс жігіт өзінің өмірі туралы күтпеген жерден әңгімелеп берді.

… Кеше «Мынау тұрған зәулім үйде бұрын мен тұрғанмын» деген сөзіме көшеде кетіп бара жатқандар назар аудармады. Мүмкін олар ішінен: «Мына қаңғыбас не деп сандырақтап отыр?» деп те ойлайтын шығар. Бірақ, расымен сол үйде менің бала дауысым шығып, ата-анамның бақытты күндері өткен. Ал, қазір тек оған сырттай сүйсіне қарап, өткен шақтың есесінде кеткен естеліктерді ғана еске аламын.

Балалық кезім біреулер үшін армандайтындай болды. Үш қабатты үй, көлемді аула мен сан жетпес ойыншықтар. Бала кезімде «жоқ» деген сөзді естімей өстім. Әкем кәсіпкер еді. Ал анам жұмыс жасаған жоқ. Себебі, әкемнің тапқан табысы бәріне артығымен жететін.

Кішкентай кезімде көзіме түскен ойыншықтың барлығы менікі болатын. Көрші үйдің балалары таңдана да, таң қала қарайтын. Дегенмен, мен олармен қосылып ойнаған емеспін. Анам: «Өзгерелрмен дос бол. Ойыншықтарыңды бөлісіп ойна» деп үнемі айтып отырса да, олай жасаған емеспін. Өйткені, оларда көп ойыншық болмайтын. Қазір ойлап отырсам, сол кезден-ақ менде өр көкіректік, тәкаппарлық пайда болған екен-ау.

Мектептегі оқушы кезінде де алдыңғы қатарда жүрдім. «Сәнді» деп саналған киімдердің барлығын кидім. Үнемі елден ерекшеленіп жүрдім. Ұялы телефондар енді шыға бастаған уақытта мектепте бірінші болып мен ұстап, сыныптастарыма мақтанушы едім. Өсе келе мектепке әкемнің көлігін айдап келуді әдетке айналдырдым.

Кейіннен түнде көлікпен көше кезіп, таңға дейін ұйқысыз жүретінмін. Сөйтіп жүргенде мектептің артында тығылып темекі шегу басталды. Темекінің қызығын түсінбесек те, үлкендерден үйренгенімізді қайталаған боламыз. Ол біз үшін «жігіттіктің», «өскендіктің» белгісі болып көрінетін.

Жоғары оқу орнына түскенімде сабаққа баруға зауқым болмаса, себепсіз қала беретінмін. Түнде көше кезгендіктен, көбінесе ұйықтап қалатынмын. Сол кездің өзінде әкем маған өз кеңсесіндегі жұмыстарды үйрете бастады. Әрине, мен ештеңе түсінгенім жоқ. Бірақ, «қожайын» болған соң, маған қабағын түйгендерді жұмыстан шығартып жіберуге шебер едім. Ол кездегі ештеңенің байыбына бармайтын менмендігім ешкімнің көз жасы мен өтінішіне қарамайтын.

Әкемнің кеңсесінде маған бір ғана адам жақын болды. Ол – менеджер болып қызмет ететін Ерболат атты жігіт еді. Екеуміз уақыт өте келе жақын дос болдық. Жұмыс уақыты біткен соң қаладағы түнгі клубтарды аралап, ішкен-жегенімізге мәз-мәйрам болып жүреміз.

Сондай күндердің бірінде мен «ақ ұнтақпен» таныстым.

Иә, иә, кәдімгі ақ ұнтақпен. Есірткінің ең алғашқы рет дәмін көргенде өзімді бір шексіз әлемге еніп кеткендей сезіндім. Осылайша, бәрі бір рет көрейінші деген қызығушылықтан басталды.

Арада 2-3 ай өткенде есірткісіз өз күнімді елестете алмайтын күйге жеттім. Уақыт өте келе есірткінің ауыр түрлерін қолданып, қолда бар ақшамды соған ғана жұмсауды шығардым.

Бұл әрекетімді көп жасыра алағаным жоқ. Үйге қонбауды жиілеттім. Екі-үш күндеп, кейін апталап жоғалдым. Әке-шешем шырылдап жүріп, зорға тауып алатын.

Бұл жайлы үйдегілер білгенде, өмірімде олардан ең алғашқы рет қатты ұрыс естідім. Бұған шыдамаған мен қатты ашуланып, үйден кетіп қалдым. Әр пәтерде бас сауғалап жүрген мені уайымдаған әкем карточкама ақша салатын. Ал, мен ол ақшаның барлығын жалма-жан есімді алған есірткіге жаратушы едім…

… Бір күні суық хабар келді. Анам жылап хабарласты. Әкемнен айырылып қалғанын айтып, үйге оралуымды сұрады. Үстіме суық су құйып жібергендей болды. Есеңгіреп қалғаным соншалық, отырған жерімде естен тана жаздадым.

Әбден абдырап қалған мен тамырыма ине салып, өзімнің өзге әлеміме аттандым. Есірткінің күші жойылған кезде, қайтадан келесісін қабылдап, ештеңе ойламай жата бердім. Осындай халде тура бес күн жатып, әкемді ақтық сапарға шығарып салуға да бармадым.

Мендегі ақша бітті. Жалға алған пәтердің де ақшасын төлей алмадым. Жалғыз жұбанышым болған есірткі сатып алуға түк таппадым. Оны қалаған кезде жынданып кете жаздайтын едім…

Амал жоқ, үйге баруға тура келді. Алғашқы күні анаммен ләм-мим деп сөйлескен жоқпыз. Үнсіз қарсы алды. Маған түк тіл қатпады. Үш күн. Бір апта. 10 күнде гейін жақ ашпады. Мен де үнсіз жүрдім.

Үйге келген соң, есімді жия бастадым. Әрине, есірткісіз қиын болды. Бірақ, шыдап бақтым.

Анам әкемнің шаруасын қолына алған екен. Бірақ, арада біраз уақыт өткенде анамның денсаулығы нашарлап, маған бас-көз болуымды тапсырды. Мен жұмысқа келген күннен бастап-ақ сәтсіздікке ұшырай бастадық. Көптеген келіссөздер өз мақсатына жетпеді. Жаңа тауарлар алуға бөлінген қаржыны өзіме алуды әдетке айналдырдым. Көмекшіммен жасырын казиноға барып, құмар ойын ойнауды бастадым. Есірткі әуені қайта басталды. Ұтылыстың соңынан ұтыла бердім.

Осы сәттен бастап біздің отбасы үшін қиын күндер басталды. Баяғы әуеніме қайта басып, әкемнің кәсібін құрдымға кетірдім. Анамның денсаулығы дұрысталмай, аяққа тұра алмады.

Ас-суға ақша таба алмай, қиналуды бастадық. Ал менің ойымда тек әр күнгі «дозаға» ақша табу болды. Амалсыздан өзім есірткіні жеткізуші болып, ақша тауып жүрдім. Яғни, сатып алушыға жеткізумен айналыстым. Ол жерден тапқан бар ақшам өзіме «дәрі» алуға кететін.

Осындай бір күні полицейлердің қолына түстім. 12 жылға сотталып кете бардым. Темір тордың ар жағына кеткен екі жылдан соң, анам өмірден өтті…

Міне, осылайша өзгенің арманына айналған өмірімнің есірткінің арқасында күл-талқаны шықты. Байлықтың бағасын білмей, есті алған есірткінің артынан еріп жүре беріппін. Бостандыққа шыққан соң, өмірге икемделе алмай көп қиналдым. Үйіміз әкемнің кәсібіне алған қарыздары мен салықтарын төлеу үшін сатылып кеткен.

Енді мен үшін бұл өмірдің мәні де қалмаған секілді. Болашағым – бұлыңғыр. Жасым болса, қырыққа жақындап қалды. Әзірге осылай күн көріп жүрмін. Бірақ, бәріне өзім ғана кәнілімін. Бардың бағасын білмедім. О дүниеге барғанда әке мен анам мені қарсы алу үшін алдымнан шықпайды ма деп қорқамын…

P.S: Бұл – есірткі құрбанына айналған бір ғана жанның әңгімесі. Ал, есті алған есірткі қаншама адамның тағдырына балта шауып жатыр десеңізші?!…

Жазып алған

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ

Тағы да оқыңыз: