Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 9,00% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Stan.kz.

Тиісінше, өтімділікті қамтамасыз ету үшін тұрақты кіру операциялары бойынша ставка 10.00% және өтімділікті алу бойынша қолжетімді операциялар бойынша 8.00% құрайды.

“Шешім инфляцияны орта мерзімді кезеңде 4-6%-дық нысаналы дәлізге қайтару мақсатында қабылданып, тәуекелдер теңгерімінің проинфляциялық факторлар жағына қарай ығысуымен негізделді. Сыртқы және ішкі инфляциялық қысым ұлғайды, азық-түлік бағасының одан әрі көтерілу тәуекелі артты, инфляциялық күтулердің жоғарылауы байқалады. Сонымен қатар елде және әлемде коронавирустық инфекцияға байланысты белгісіздік сақталуда.”, – деп түсіндірді қаржылық реттеуші.

Жылдық инфляция 2020 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық Банктің болжамына сәйкес қалыптасып, 7,5% болды.

Азық-түлік инфляциясы әлемдік баға мен ішкі өндірушілер бағасының серпініне байланысты майдың, жұмыртқаның, қанттың және көкөністердің айтарлықтай қымбаттауы нәтижесінде 11,3%-ға (ж/ж) дейін жылдамдады.

Азық-түлік емес инфляция 5,5% (ж/ж) болды. Киім, аяқ киім, ЖЖМ бағасының өсуі бәсеңдеген кезде эпидемиологиялық жағдайға, сондай-ақ қашықтан жұмыс істеу және оқу жағдайында сұраныстың сақталуына байланысты дәрі-дәрмектер, үй тұрмысындағы заттар мен тұрмыстық техниканың бағасы көтерілді.

Сервистік инфляцияның 4,2%-ға (ж/ж) дейін жылдамдауы реттелмейтін ақылы қызметтердің қымбаттауына байланысты болды. Негізгі үлес сұраныстың біртіндеп қалпына келуі аясында қоғамдық тамақтану, қонақ үй қызметтері, тұрмыстық қызметтердің жекелеген түрлері мен жеке күтім қызметтері құнының жылдық өсуімен қамтамасыз етілді.

Базалық инфляция көрсеткіштері инфляциялық процестердің жылдамдауын көрсетеді. Мәселен, жемістер мен көкөністерді, реттелетін коммуналдық қызметтер, теміржол көлігі, байланыс, бензин, дизель отыны мен көмірді қоспағанда жылдық көрсеткіштегі маусымдық таза базалық инфляция 2020 жылғы желтоқсанда 7,9%-ға дейін жылдамдады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-несие саясаты жөніндегі комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша келесі жоспарланған шешімі 2021 жылы 9 наурызда жарияланады.

Тағы да оқыңыз: