Kyzylorda-news.kz. Партияның «Ауыл аманаты» жаңа жобасы туралы ел арасында ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізу мақсатында құрылған мобильді топ өкілдері құрамындағы мамандандырылған бірнеше бизнес тренерлер Жаңақорған ауданының Қожамберді, Жайылма ауылының тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Мобильді топтың бизнес тренерлері кездесуге қатысушыларға жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген несиені қалай алуға болады, коорперативті не үшін құру керек, мемлекет техниканы лизингке алуға көмектесе ме секілді сұрақтар төңірегінде әңгіме өрбітті.

Шара барысында шағын кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындары тренерлерге жеке сұрақтарын қойып, нақты кеңестер алды.

«Жалпы бағдарлама шеңберінде 2023-2025 жылдары аралығында әр жыл сайын еліміздің барлық облысына жобаны жүзеге асыруға арналған бюджеттік несие бөлу көзделіп отыр. Заңнамаға енгізілетін түзетулер пакеті әзірленді. Ол қаражат алу тетігін айтарлықтай жеңілдетіп, жобаны іске асырудың тиімділігін арттырады» – деді сарапшы Гүлмира Бағажаева.

Басқосуға қатысқан бизнес тренерлер грант алу тәртіптері туралы біршама түсініктемелер берді. Бизнес жоспарды сауатты құру, жобаның өміршең, аймақ үшін қажетті болуы маңызды екенін алға тартты.

Аталмыш бағдарлама аясында Қожамберді, Жайылма ауылының әкімдері арнайы оқытудан өткен болатын. Олар енді өздері басшылық ететін ауылдарда өңдіруге болатын басым бағыттарды анықтауда. Тұтынушылардың сұранысына сай өнім өндіру үшін халықтың біліктілігін арттыруды жоспарлап отыр.

Тағы да оқыңыз: