Kyzylorda-news.kz. Облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов ауданға жасаған сапары барысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстармен танысты.

Алдымен Бақыт Дүйсенұлы аудандық сот ғимаратының аумағы мен Абай көшесінің абаттандыру жұмыстарын көрді.
Аралда аталған бағдарлама аясында 16 жоба жүргізілуде. Барлығы да халықтың игілігіне бағытталған әлеуметтік жобалар.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құрылыс жұмыстарының жайы туралы түсіндіріп өтті. Қазіргі таңда сот ғимаратының ауласына брусчатка төселген, қоршаулары ауыстырылып, сырлау жұмыстары жүргізілуде. Ал Абай көшесінің бойына бардюрлер мен жол жиегіне қоршаулар қойылуда.
Одан соң Бақыт Дүйсенұлы күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан «Арал индустриалды-техникалық және «Арал көпсалалы колледждеріне барды. Аудан орталығында орналасқан екі колледждің де жастарды қажетті маман ретінде дайындап шығаруда маңызы зор.
«Арал индустриалды-техникалық колледжінің» ғимараты екі қабаттан тұрады. Қазіргі таңда жеңімпаз ретінде танылған Қызылорда қаласының «Самат-Мұнай» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Жөндеу жұмыстарын барысында жергілікті жерден 60 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, бұл меже қазір толықтай орындалып отыр,
Арал көпсалалы колледжінің оқу ғимараты 3 қабатты, 1980 жылы салынған. Ғимараттың жобалық қуаттылығы 360 оқушыға арналған.
Күрделі жөндеу барысында аталған білім беру нысандары заман талабына сәйкес жаңғыртылып, білім алушылар үшін қолайлы жағдай жасалмақ.
Екі бірдей білім беру нысанындағы құрылыс жұмысьтарының жай-күйін бақылап өткен облыс әкімінің орынбасары жөндеу жұмыстарына жауапты мердігерлермен кездесу барысында жұмыстың сапалы атқарылуын қатаң назарға алуды тапсырды.
Мұнан кейін, Бақыт Дүйсенұлы ауданның индустриалды аймағында «Qazaq Camel» ЖШС-нің түйе сүтін өңдеп, одан құрғақ сүт өндіретін цехының құрылыс алаңында болды. «Qazaq Camel» ЖШС-нің директоры, жобасы жетекшісі Нұғырбек Абулғазин аймағымызда алғашқы рет қолға алынып отырған жоба жайын таныстырып өтті.
Атап айтқанда, жылына 130 тоннадан астам түйе сүтінен құрғақ қоспалар өндіруге қауқарлы цехтың құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың соңында аяқталады деп жоспарлануда. Жоба іске қосылғанда 25 адам жұмыспен қамтылатын болады. Мұнда әзірленген дайын өнімдер республика нарығынан бөлек, алыс-жақын шет елдерге экспортталады деп жоспарлануда.
Атап өтейік, ауданда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында бүгінгі таңда 410 адам жұмыспен қамтылып отыр.

Тағы да оқыңыз: