Kyzylorda-news.kz. Отан – оттан да ыстық демекші, әскер сапында қызмет етіп, Отан алдындағы борышын өтеуге әрбір азамат міндетті. Себебі туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті парыз. Бүгін 7 – мамыр Отан қорғаушылар күні мерекесіне орай Арал ауданындағы «Рәміздер» алаңында Отан алдындағы борышын өтеуге аттанғалы тұрған өрендерді шығарып салу шарасы өтті.

Мемлекеттік гимннен бастау алған шарада аудан әкімі Серік Сермағамбетов сырбойылықтарды құттықтады.

«Сіздер бүгін шекарасы берік, шебі бүтін қасиетті жерімізді қорғайтын Қарулы күштеріміздің қатарына азаматтық борыштарыңызды өтеуге аттанғалы тұрсыздар. Әскердің тәртібі қатаң екені рас. Бірақ бұл ауыр болса да, аса абыройлы Отан қорғау міндетінің жүгі. Киелі Арал өңірінің атына кір келтірмей, әскер сабында адал, абыройлы қызмет етіп, туған жеріміздің айбынын асқақтатуға үлес қосатындарыңызға кәміл сенімдімін», – деген аудан әкімі әскерге аттанушыларға ақ жол тілеп, ізгі лебізін білдірді.

Одан соң, Отан алдындағы жауапкершілігін сезініп, азаматтық борышын өтеуге аттанғалы тұрған жастарға сарбаздарымыздың ата-аналары атынан Мәуегүл Кәленова сөз сөйлеп, аналық тілегін жеткізді.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбек Әйімбетов те «Ел тұтастығы жүректі де білекті, отансүйгіш өздеріңдей жастардың қолында», – деп, ақ батасын берді.

Шара барысында патриоттық ән әуелеп, болашақ жас жауынгерлер АК-74 автоматын толық емес бөлшектеу және жинақтау әскери өнерін көрсетті.

Шара соңы спорт алаңындағы мемлекеттік мекемелер мен қаламыздағы мөлтек аудандар арасындағы шағын футбол жарысына жалғасты.

Тағы да оқыңыз: