Kyzylorda-news.kz. Арал ауданында «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры іске асырып жатқан «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасы аясында алғашқы рет мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған паралимпиадалық спорт түрінен екі бірдей спорт секциясы ашылды.

Аталмыш жоба аясында ерекше балалар спортпен тегін айналыса алады. Жобаның тұсаукесері Арал қаласындағы №14 мектеп-лицейінде өтті. Шараға аудан әкімі М.Оразбаев, “Nur Otan” партиясы Арал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Қанатов, аудан әкімінің орынбасары Б.Жұмағұлов және аудандық білім бөлімінің басшысы С.Жанназарова мен мектеп ұжымы, ата-аналар қатысты.

«Ұлт саулығы – мемлекет байлығы десек, балалар – ұлтымыздың болашағы. Ал, соның ішінде ерекше күтімді қажет ететін балаларды балабақшадан бастап болашақ өмірге бейімдеу баршамыздың міндетіміз. Мінекей, бүгін біз осы бағытта өз жемісін берген «Саламатты болашақ» жобасы аясында алғаш рет балалар арасында бейімделген дене шынықтыру секцияларының ашылуына куә болғалы тұрмыз. Бұл орталықтың ерекше күтімді қажет ететін балаларды қосымша білім мен спортқа баулудағы маңызы зор деп санаймын. Алдағы уақытта балалардың спортпен шұғылдануына, олардың қоғамнан шет қалмай, тең дәрежеде барша мүмкіндіктерге қол жеткізуі жолында нәтижелі жұмыстар жүзеге асады деп сенемін»,- деді Адаптивті бочче секциясының ашылу рәсімінде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев.

Одан әрі республикалық «Тең мүмкіндіктер әлемі» ҚҚ директоры Нұргүл Ұлжекова жобаның мақсаты жайында сөз алып, аталған жобаның тоғызыншы орталығын Арал өңірінен ашуға қолдау танытып отырған аудан әкімдігі мен білім бөліміне ризашылығын жеткізді.

Одан әрі ынтымақтастық туралы Меморандумға аудан әкімі М.Оразбаев және «Тең мүмкіндіктер әлемі» ҚҚ директоры Нұргүл Үлжекова қол қойды. Сондай-ақ, №14 мектеп-лицейі және №64 орта мектебінің директорлары мен аталған қоғамдық қор арасында да өзара ынтымақтастық орнатылды.

Шара барысында секцияға қатысушы балалар жаңа бочче спорт түрімен танысып, ата-аналарымен ойын түріндегі жаттығуларды жасады.

Бочче – бұл Қазақстандағы ең жас паралимпиадалық спорт түрі. Бұл тірек-қимыл аппаратының ауыр бұзылулары бар адамдарға арналған дәлдікпен ойналатын ойын. Осы спорт түрін Қызылорда облысында дамыта отырып, ұйымдастырушылар балаларға оқшаулануды жеңуге, достар табуға және жарыстарға қатысуға көмектеседі деп үміттенеді.

Бочче секциялары бас серіктес – «Samruk-Kazyna-Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры жүзеге асырып жатқан «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасы аясында ашылды.

«Біз «ерекше» балалардың болашағы әлеуметтік жағдайына қарамастан барлық адамдар өздерінің дамуы мен өзін-өзі жүзеге асыруы үшін тең құқықтар мен мүмкіндіктерге ие екендігі туралы «сау» түсінігі бар адамдармен толығады деп армандаймыз. Біздің әлеуметтік жоба, ең алдымен, ерекше балаларға бейімделген спорт түрлерінен өздерін сынауға, өмірге деген жаңа қызығушылықты сезінуге және жүйелі түрде спортпен айналысу арқылы физикалық және әлеуметтік дағдыларын арттыруға мүмкіндік береді », – дейді жобаның оңалту дәрігері Айнұр Нұрхожаева.

Сонымен қатар, дәрігердің айтуынша, «ерекше» балаларды қоғамға қосу арқылы мүмкіндігі шектеулі адамдардың санасы өзгереді, сол арқылы ерекше қажеттіліктері бар балалардың шексіз мүмкіндіктерін көрсетеді.

Жобаның ұйымдастырушылары атап өткендей, адаптивті спорт түрлерінде «сәттілік» жағдайын бастан кешірген «ерекше» балалар жақсы физикалық және психо-эмоционалды динамиканы көрсетеді.

Атап өту қажет, жобаның бас серіктесі – «Samruk-Kazyna-Trust» қоры спорттық құрал-жабдықтармен және оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етеді, сонымен қатар жаттықтырушыларға біліктіліктерін арттыруға қолдау көрсетеді.

2017 жылы Нұр-Сұлтанда басталған жоба қазір Павлодар, Шымкент, Қарағанды, Алматы, Ақсу, Ақтөбе қалаларында нәтижелі жұмыс жасауда.

Тағы да оқыңыз: