Kyzylorda-news.kz. Арал ауданы әкімінің орынбасары Еркін Əбішев бастаған төтенше жағдайды жою жөніндегі жұмысшы топ өкілдері ауданға қарасты Аманөткел ауылдық округіндегі «Бұрмақұлақ» арнасын бөгеу жəне «Аспай» суағытқысын жөндеу жұмыстарының жайымен танысты.

«Аспай» суағытқысы көлдер жүйесін суландыру үшін 1974 жылы салынған. Қазіргі таңда «Ақшатау-Қамыстыбас» көлдер жүйесін суландыру мақсатында «Аспай» суағытқысын қайта іске қосып, «Бұрмақұлақ» арнасын бөгеу маңызды.

Еске сала кетейік, осы орайда ағымдағы жылы жауапты мамандардан құрылған жұмысшы топ зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нəтижесімен нысанның ақау актісі жасалған болатын. Бүгінде мінекей, аталған жұмыстарды іске асыру бағытында шұғыл шаралар қолға алынып, тиісті жұмыстар облыстық бюджет есебінен жүзеге асырылуда.

Жұмыстар толықтай аяқталғаннан соң «Ақшатау-Қамыстыбас» көлдер жүйесін толтыру жəне Аманөткел, Райым, Жетес би, Қамыстыбас, Жаңақұрылыс ауылдық округтеріндегі жайылымдық, шабындық жерлерін судландыруға қол жеткізілетін болады.

Осы аталған жұмыстардың іске асырылуын пысықтап қайтқан жұмысшы топ өкілдері дария арнасын бөгеу жұмыстарына жауапты мердігер «Сыр-Маржаны» ЖШС өкілдерімен кездесіп, жобаны сəтті аяқтап шығу бағытындағы жоспарларымен бөлісті.

Тағы да оқыңыз: