Ақзира Қасымова: 35 мектеп ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қосылатын болады – Kyzylorda News
Басты бет

Ақзира Қасымова: 35 мектеп ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қосылатын болады

22.10.2021, 17:27

316 0

Kyzylorda-news.kz. Биыл Қызылорда облысында 10 білім беру мекемесі ашылды. Оның ішінде мемлекеттік 4 мектеп пен жеке меншікке қарасты 6 мектеп оқушыларға білім беруде. Жалпы қала мектептерінің барлығы толықтай бейнебақылау және дабыл қағу жүйелеріне қосылған. Алдағы уақытта аудан орталықтарындағы білім ордалары қамтылмақ. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова хабарлады.

«ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде 2021-2022 жылдарға арналған жол картасы әзірленді. Аталған жол картасында білім беру мекемелерінің күзет ұйымы лицензияланған қолданыстағы стандарттарға сәйкес қауіпсіздік құралдарымен қамту көзделген. Биыл облыстық бюджеттен білім беру ұйымдарын бейнекамералармен қамтамасыз етуге 252 млн. теңге қаржы қарастырылды. Қазіргі таңда қалаішілік 35 мектеп ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қосылатын болады. Аймақ бойынша орта білім беру ұйымдарында 882 қарауыл мен 568 вахтер жұмыс жасайды. Ал облыстағы 30 колледжде 90 қарауыл мен 30 вахтер қызмет етуде. Аталған орта білім беру ұйымдары толықтай бейнебақылаумен жабдықталған. Сондай-ақ, өңірдегі 47 мектепке турникеттер орнатылып, дабыл түймелері және металл іздегіш құрылғылармен қамтамасыз етілді. Бүгінгі күні облыстың барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарында 2021 жылғы терроризмге қарсы қорғалу паспорттары әзірленді. Тағы бір айта кететін жәйт, өткен жылы жергілікті бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, 294 мектептің әжетханаларын ғимарат ішіне орнату бойынша жұмыстар атқарылған болатын. Бүгінде облыстағы 311 мектеп пен 30 колледж және 587 балабақша ішкі әжетханалармен қамтамасыз етілді», – деді басқарма басшысы Ақзира Бақтыбайқызы.

0

Пікір қалдыру