Kyzylorda-news.kz. Партиялық бақылау бекеттері – «AMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты Сайлауалды бағдарламасының Жол карталарында жоспарланған нысандардың мерзімді және сапалы орындалуын, сондай-ақ әлеуметтік маңызды мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы мен бюджет қаражаттарының мақсатты жұмсалуы және жұмыс сапасына жүйелі түрде қоғамдық бақылау ұйымдастыру мақсаттарын көздейді.

«AMANAT» партиясының бастамасымен аймақтық жобаларды ілгерілету үшін жергілікті жерлерде үйлестіру кеңестерін құру арқылы жергілікті атқарушы орган, партия филиалдары мен жергілікті мәслихат депутаттары өкілдерінің бірлескен жұмыстарын күшейтіп, жобалардың орындалуына партиялық бақылау жасалатын болады.

Осыған орай «AMANAT» партиясының аумақтық филиалдары жанынан аймағымызда салынып жатқан әлеуметтік маңызды 7 нысанға партиялық бақылау бекеттері құрылып отыр. Оған аудандық және қалалық мәслихаттардағы партия фракциясының мүшелері пост жетекшілері болып бекітілді.

Құрылған бекеттердің жетекшілері мен мүшелері құрылыстың сапасына, бөлінген қаржының тиімді игерілуіне, құрылыс материалдарының талан-таражға түспеуіне, онда жұмыс жасап жатқан жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы мен техникалық қауіпсіздік ережелерінің сақталуына, сондай-ақ жалақыларының уақытылы алуын қадағалап, ай сайын облыстық филиалға мәліметтерін жолдап отыратын болады.

Жалпы, қазіргі таңда оқу жылының жақындауына орай бірінші кезекте жаңа мектептер құрылысы мен оларды күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарының сапасына басты назар аударылып отыр.

«AMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты Сайлауалды бағдарламасының облыстық Жол картасына енгізілген қаладағы Бәйтерек мөлтек ауданындағы 600 орындық мектеп құрылысы үнемі партияның назарында екендігін айтуға болады.

Тағы да оқыңыз: