Алтын Орда туралы кітаптар Сыр тұрғындарына онлайн режимінде ұсынылуда – Kyzylorda News
Басты бет

Алтын Орда туралы кітаптар Сыр тұрғындарына онлайн режимінде ұсынылуда

20.04.2020, 12:20

1178 0

Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының кітапханалары онлайн режимінде белсенді түрде жұмыс жүргізуде. Бүгінде аймақ кітапханалары «Біз біргеміз», «Кітап оқы, үйде бол», «Онлайн кітапхана» секілді түрлі акцияларды қашықтан ұйымдастырып, әлеуметтік желілер арқылы тұрғындарды кітап оқуға шақырып келеді.

Кітапханалар тарапынан Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығына арналған шаралар да кезек-кезегімен өткізілу үстінде.

Сонымен қатар, облыс кітапханалары Алтын Орда тарихынан сыр шертетін кітаптар туралы оқырмандарға ақпарат беріп, өз тарихымызды тереңірек түсіну үшін қандай кітаптарды оқу керектігі жөнінде кеңестерін беруде. 

Мәселен, осы орайда Қазалы аудандық кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің ұйымдастыруымен «Алтын Орда – алтын тамырыз» атты онлайн-шолу ұсынылды. 

«Оқырмандар назарына ұсынған онлайн-шолуымыздың мақсаты қазақ тарихына арналады.  Биыл ұлық ұлыс, айбынды Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл толып отыр. Осыған орай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алтын Орданың 750 жылдығын лайықты атап өту және ұлыстың негізін қалаған Жошы хан есімін ұлықтау туралы сөздерін зор ықыласпен қабылдадық. Өйткені, Алтын Орда дәуірі –  тамырлы тарихымыздың кезеңдерін қамтитын Қазақ хандығының бастауы. Оның бай тарихы қазақ даласымен және халқымыздың негізін құраған ру-тайпаларымен тығыз байланысты. Осыған сәйкес көпшілік назарына қазақ тарихын баяндайтын тарихи құнды шығармаларды онлайн түрде ұсындық», – дейді кітапхана қызметкерлері. 

Оқырмандар назарына Ілияс Есенберлиннің «Алтын Орда», Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі», Қайрат Бегалиннің «Алтын Орда хандары», Аяған Бүркітбайдың «Қазақ хандығы тарихы: құрылуы, өрлеуі, құлдырау» атты туындылары, Алмасбек Әбсадықовтың «Қазақ хандығы және тарихи аңыздар» зерттеу мақалалар жинағы, Жамбыл Артықбаевтың «Абылай хан», «Қазақстан тарихы» кітаптары, Тұрсын Сұлтановтың «Қазақ хандығының тарихы», «Алтын Орда» кітаптары сынды бірқатар құнды шығармалар ұсынылуда.