Алтын дән – 2021: Қызылордада ауылшаруашылық саласының үздіктері марапатталды – Kyzylorda News
Басты бет

Алтын дән – 2021: Қызылордада ауылшаруашылық саласының үздіктері марапатталды

22.10.2021, 15:40

552 0

Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова күзгі егін науқаны жұмыстарын қорытындылайтын «Алтын дән-2021» мерекелік шарасына қатысып, дала еңбеккерлеріне құрметін жеткізді.

Жиынға Қазақстан Респуликасы Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бахтиярұлы, ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Гүлжахан Бимендина, қала, аудан әкімдері, «Қазақстан Фермерлер Қауымдастығы» қоғамдық ұйымының Қызылорда филиалының төрағасы Өмірхан Пашкенов, сала үздіктері және онлайн форматта 250-ге жуық шаруашылық өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы өтпелі қиындықтарға қарамастан ел қамбасын астыққа толтырып, мол өнім алуда қажырлы еңбек еткен шаруа қожалықтарының басшыларына алғысын жеткізіп, ізгі ілтипатын арнады.Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ең сенімді валюта – азық-түлік» деген сөзі бар. Уақыт өткен сайын ауыл шаруашылығының ел экономикасындағы мәні мен маңызы артып келеді.

«Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында облыс диқандары биылғы жылғы вегетация кезінде су тапшылығына және басқа да қиындықтың бәрін еңсере отырып, аянбай еткен еңбектерінің арқасында 500 мың тоннаға жуық Сыр күріші ел қамбасына құйылды. Биылғы жылдың маусым – шілде айларындағы ауа райының ыстығына, суармалы судың тапшылығына қарамастан маңдай терін төгіп, адал еңбектің үлгісін көрсеткен диқандарымызға қандай мадақ айтсақ та жарасады. Өздеріңізге барша Сыр жұртшылығы – жерлестеріңіздің атынан алғысымды білдіремін», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Өткен жылы өңірде 143,6 млрд.теңгенің ауыл шаруашылық өнімі өндірілсе, ағымдағы жылғы 9 айда 118,5 млрд. теңгеге жетіп, өсім 2,4 пайызды құрады. Тамақ өнімдерін өңдеу көлемі 41,0 млрд.теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 12,5 % құрады.

Соңғы жылдары егіс алқаптарын әртараптандыру бағытында жүйелі шаралар атқарылуда. Атап айтқанда, жалпы егіс көлемі 5 жылда 6,9 мың гектарға ұлғайып, әртараптандыру бағытында мал азығындық дақылдар 6,3 мың гектарға, картоп, көкөніс, бақша дақылдары 1,7 мың гектарға, ал, күріштен басқа дәнді дақылдар көлемі 6,4 мың гектарға көбейген.

Суды көп қажет ететін күріш көлемі өткен жылдан 6 мың гектарға азайтылды. Оның орнына әртараптандыру бағытындағы дақылдардың егіс көлемдері 9,8 мың гектарға дейін жетті.

Аймақ басшысы ауыл экономикасының негізгі резервінің бірі – мал шаруашылығы да тұрақты дамып келе жатқандығын айрықша атап өтті.

Есепті кезеңде мүйізді ірі қара 8,2%-ға, жылқы 14,2%-ға, түйе 8,1%-ға, уақ мал 6,6%-ға көбейіп, ет өндірісі 2,4%-ға, сүт өндірісі 2,3%-ға, жұмыртқа өндірісі 3,1%-ға артқан.

Бүгінгі күні құны 20,6 млн. АҚШ долларын (61,0 мың тонна) құрайтын өңірдің ауыл шаруашылығы тауарлары 15 мемлекеттің сұранысын қамтамасыз етіп отыр. Биылғы жылы облыстан Германия, Нидерланды мемлекеттеріне 886 тонна қамыс, Австрия, Литва, Польша, Грузия, Нидерланды, Украина, Германия мемлекеттеріне 1780 тонна балық, Әзірбайжан, Моңғолия, Тәжікстан, Украина, Өзбекстан, Ирак елдеріне 58 237 тонна күріш өнімі жөнелтілген.

Салтанатты жиында аймақ басшысы Сырдария өзенінің жағдайына арнайы тоқталып, суды кезектілікпен үнемдеп алған шаруа қожалықтарының қажырлы еңбектеріне тоқталды.

«Барлықтарыңызда, әсіресе шаруалардың көкейлерінде болашақтағы су мәселесі бар екенін жақсы білемін. Шардара су қоймасындағы судың аз болуына байланысты, Сырдария өзенінің төменгі ағысына жіберіліп жатқан су көлемі төмендеп, ағымдағы жылдың 8 қыркүйегінен 18 қазанына дейін төменге секундына 30 текше метр су жіберіліп келді. Ал, 18 қазаннан бастап төменге жіберілген су көлемі 20 текше метрге артып, қазір секундына 50 текше метр жіберілуде. Біз Үкіметпен тиісті жұмыстар жасаудамыз. Су нысандарының жағдайын жақсарту үшін «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасына үлкен үміт артылуда. Ұлттық жобаға 122 млрд.теңгені құрайтын облыстың 237 жоба енгізілуде», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Бүгінде «Қызылорда», «Әйтек» су торабтарына жөндеу және «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасы аясында 2019 жылдан бері 15 мың гектар суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылға дейін коммуналдық меншіктегі 192 су шаруашылығы нысандарын тазалау және жөндеу жұмыстары кезең-кезеңмен атқарылатын болады. Сондай-ақ, Қызылорда облысы бойынша 775 млн.текше метр тасқын су жинайтын «Қараөзек арнасындағы су қоймасын» салу ісі де басталады.

Мерекелік шарада облыс әкімі мезгілдің сан құбылуына қарамастан аянбай еңбек етіп, тер төккен, ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше үлес қосқан озаттарды марапаттады. Атап айтқанда, Жалағаш ауданы, «Мәдениет» ШҚ төрағасы Ахдильда Қыпшақбаев, Қызылорда қаласы, «Қызылорда Құрылыс НК» ЖШС егіс бригадирі Айдархан Қойшыбаев, Арал ауданы, «Алмат» ШҚ төрағасы Жетес Асанбаев, Қазалы ауданы, зейнеткер Берик Бейсембаев, Қармақшы ауданы, «Ертілеу» ШҚ маманы Рустембек Сәрсенбаев, Жалағаш ауданы, «Таң ЛТД» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаев, Қармақшы ауданы, «Актөбе и К» ЖШС директоры Нұрлан Іздібаев, Сырдария ауданы, «Мәді Қажы» ЖШС директоры Сейткамал Сұлтанов және басқа да сала үздіктері марапатталды.

«Үздік аудан» номинациясымен Қармақшы ауданының әкімі Қайрат Нұртай құрметке бөленді. Ал, егін шаруашылығы бойынша «Озат аудан» номинациясымен Шиелі ауданының әкімі Нариман Мақұлбеков және мал шаруашылығы бойынша «Озат аудан» номинациясымен Жаңақорған ауданы әкімі Руслан Рүстемов, өндеу саласы бойынша «Озат аудан» номинациясын Қазалы ауданы әкімі Мұхтар Оразбаев марапат алды.

Салтанатты жиында ауылшаруашылық саласындағы серпінді жаңалықтарды халыққа ақпараттандыруда ерекше еңбек еткен «Қазақстан» РТРК» АҚ Қызылорда облыстық телеарнасының тілшісі Елжас Әбділда мен «Сыр бойы» газетінің тілшісі Ержан Қожас марапат биігінен көрінді.

0

Пікір қалдыру