Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысының Жарлығы аясында бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жаңақорған ауданының халқымен кездесті.

Аймақ басшысы тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру үшін экономикалық өсім мен тұрақтылық керек екенін атап өтіп, аудандағы өзекті мәселелерге тоқталды. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі өсімді тізбектеп берді.

Киелі Қаратау мен қасиетті Сырдың бойын ен жайлаған құтты мекен Жаңақорған өңіріне келіп, Өздеріңізбен тағы да кездескеніме шын жүректен қуаныштымын!

Биыл егіншілік саласына 4,3 млрд.теңге, мал шаруашылығын субсидиялауға 4 млрд.теңге қаржы қарадық. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында мал басы санында өсім бар. Мәселен, Жаңақорған ауданында ет 101,7%, сүт 100,9%, мал басы 101,8%-дан 117%-ға дейін өсті.

Жыл басынан бері аудан бойынша 9 жобаға несие берілді. Біз бизнес қарқынын әлі де үдетуіміз қажет. Аудан әкімдігі өз бизнесін бастаймын, кәсібін кеңейтемін деген ынталы азаматтармен тығыз жұмыс жасап, оларға шынайы қолдау көрсетуі тиіс,-деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Кездесуде газ тарту, жол сапасын жақсарту, электр желілерін жаңарту жұмыстары да шет қалмады. Биыл Бірлік және Қыраш елді мекендері газдандырылатын болады. «Ауыл ел Бесігі» жобасы аясында Жаңақорған кентінің электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарына республикалық бюджеттен 3,4 млрд.теңге қаржы жоспарланған. Биыл аудандағы 18 шақырым жолды жөндеуге 458 млн. теңге қаржы бөлінді.

Ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Жаңақорған кентінде сервистік су жүйесінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталатын болады. Сонымен қатар, республикалық бюджеттен Сунақата, Еңбек, Төменарық, Екпінді елді мекенін сумен жабдықтау желісін қайта құру және кеңейту жобалары биыл аяқталады.

Облыстық бюджет қаржысынан су шаруашылығы жұмыстарын жүргізу үшін Қожакент және Жайылма ауылдық округтеріндегі 2 каналға тазалау жұмыстары жүргізіліп, оның бүгінгі күні «Бабакент» каналы аяқталды,-деді Н.Нәлібаев.

Білім саласында биыл Жаңақорған кентінде 600 орындық жаңа мектеп ел игілігіне табысталады. Мұнымен қоса, оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу үшін 2 мектептің құрылысы аяқталып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Кездесу соңында облыс әкімі тұрғындардың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді. Мұнан соң, кезектілік тәртібімен азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, аудан әкімі мен жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Тағы да оқыңыз: