Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда қаласындағы бірқатар нысандарды аралады. Алдымен аймақ басшысы Тасбөгет кентінде орналасқан Бас тоған су алу имаратында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Қазіргі таңда Қызылорда қаласына тәулігіне 83 мың текше метр ауыз су 74 бірлік Қызылжарма жер асты ауыз су ұңғымасынан өндіріліп, тұтынушыларға тартылуда.

Бас тоған су алу имаратында «Степь», «Арай» және «Бас тоған» су алу құрылымындағы ауыз су ұңғымыларын таза су резервуарларына жиналып, ІІ-ші су көтеру насос станциясынан диаметрі 560 мм болатын 4 магистралды құбырлар арқылы қалаға жіберіледі. Оның 2 тармағы транзиттік.

Ауыз су сапасы күнделікті кәсіпорынның аттестациядан өткен базалық зертхана мамандарымен әр 30-60 минут аралығында сараптамалар жасалынып, қадағаланады. Қалалық орталық ауыз су жүйелеріндегі 19 су алу нүктесінен күнделікті бактериологиялық және химиялық сынамалар алынып, сараптамалар жасалынады.

“Қазіргі уақытта қаланың бірқатар мөлтек аудан тұрғындарынан су сапсына қатысты сын айтылуда. Судың қысымы жоғары қабаттарда орналасқан пәтерлерге көтерілмейді деген де шағымдар бар. Осы мәселелрді шешу үшін қажетті жұмыстарды жүргізіп, қатаң бақылауға алыңыздар”, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Одан кейін облыс әкімі сол жағалаудағы «УАД» ЖШС арқылы құрылысы жүргізіліп жатқан қалалық магистралды және С.Бейбарыс көшесіндегі көпірден ЖТЖ (ПДП) көшесіне жанасуға дейін жалпы қалалық маңызы бар магистралды көшелерінің құрылыс жұмыстарын тексерді.

Сол жағалаудағы құрылысы жүргізіліп жатқан қалалық магистралды көшенің құрылысы жобасының құны 3 391,8 млн.теңге. Құрылыс жұмыстары 2017 жылы басталған, ағымдағы жылы бітеді деп жоспарлануда. Көшенің жалпы ұзындығы – 8,4 км. С.Бейбарыс көшесіндегі көпірден ЖТЖ (ПДП) көшесіне жанасуға дейін жалпы магистралды көшенің құрылысы жобасының құны 1 272,7 млн. теңге. Жалпы ұзындығы 2 км құрайды, жүзеге асырылу мерзімі – 2021-2022 жж.

Мұнымен қоса, аймақ басшысы Қараултөбе ауылына барып, «ҒЗИ» күріш алқабының жұмысымен танысты және қала тұрғындарына арнайы бау-бақша егуге арналған жер алқабын көрді.

«ҒЗИ» күріш алқабының жалпы жер көлемі – 8750 гектар. Бұл жерде жаздық бидай, күздік бидай, арпа, сұлы, қант құмайы, жоңышқа егіледі.

Сонымен қатар Қарауылтөбе ауылдық округінен «Ы.Жахаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС жерінен Қызылорда қаласының тұрғындарын картоп, көкөніс және бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында, маусымдық кезеңде өздері егін егуге шамамен 10 гектар жер бөлінді. Осы жылғы су тапшылығына байланысты қала және ауыл тұрғындарын қолдау мақсатында су тартатын насос құрылғысы алып берілді.
Еске салу керек, егістік жер көкөніс және бақша дақылдарын егу мақсатында маусымдық кезеңге уақытша беріледі.

Аймақ басшысы егін жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастыруды, су тапшылығына байланысты суды аз талап ететін егін түрлерін көбейтуді тапсырды.

Жалпы Қызылорда қаласына қарасты егіс алқаптарында 3920 га күріш, 2783 га көкөніс, картоп, бақша дақылдары, 1618 га мал азықтық дақылдары, 474 га дәнді дақылдар және 40 га жерге майлы дақылдар егіледі деп жоспарлануда.

Тағы да оқыңыз: