Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова публицист-жазушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Айтбай Сәулебекті қабылдады.

Басқосуда жазушы өңірімізде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевпен бірге оқып, қызмет жасаған азаматтармен кездесу шараларын өткізу, сондай-ақ, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқайдың туған жері Тартоғай елді-мекенінде арнайы ескерткіш орнату мәселесін көтерді. Аймақ басшысы карантин режиміне байланысты аталған шаралар алдағы уақытта ұйымдастырылатынын айтты.

«Сіздің Елбасының достары жайында көп зерттеп, олардың қоғам алдындағы парызына адал, дос-жолдастыққа берік, қайырымды да жомарт, қайсар кісілер екенін жалпақ жұртқа жариялауыңыздың өзі өнегелі іс. Ал, Алаштың арысы, Ұлы тұлға Мұстафа Шоқайдың туған жеріне ескерткіш орнату мәселесіне қатысты мүмкіндіктерді қарастыруға  тапсырма беремін. Қазір елімізде карантиндік шектеулер енгізілгені белгілі. Сол себепті бұл шаралардың ұйымдастырылуын эпидемиологиялық ахуал тұрақтанғаннан кейін қарастырамыз», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Сонымен қатар, өңір басшысы тәуелсіз еліміздің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан Елбасының қайраткерлігі, әлемдік саясаттағы салмағы мен елдің іргесін бекітіп, мемлекетті қалыптастырудағы ролі жастарға 6 шілде қарсаңында онлайн форматта насихатталатынын айтты.

Кездесу соңында А. Сәулебек облыс әкіміне көтерген мәселелерге қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіріп, қазақ және орыс тілінде басылымға шыққан «Құрыш тұлға» кітабын сыйға тартты.

Еске салайық, Қазақстанның құрметті журналисі Айтбай Сәулебек Елбасы өмірі туралы жазылған «Елбасының алтын бесігі», «Золотая колыбель Президента», «Құрыш тұлға» және «Старт Елбасы» атты тарихи-танымдық кітаптарының авторы.

Тағы да оқыңыз: