Әже мейірі – Kyzylorda News
Басты бет

Әже мейірі

25.01.2020, 16:00

749 0

Kyzylorda-news.kz. …Абай өзге баладан гөрі басқа бір ермек, бөлек бір дос тапты. Онысы, әуелі әжесі. Одан қала берсе шешесі.

Абай биыл ғана анық бағалады. Бұның әжесі бір түрлі шебер әңгiмешi екен. Қызық сөйлейді. Әңгімесінің барлық жерін дәмді ғып, қызықтырып айтады. Әуелі Абай ауыра бастағанда бір күні кешке ұйықтай алмай жатып, әжесінен әңгіме айтуды сұрады. Сонда, ол ойланып отырып:

–        «Е-е… Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыда кім өткен?», – деп, кішкене тақпақтан бастап еді. Абай соны ұғып қапты. Келесі жолы әңгіме сұрағанда әжесін тізесінен ақырын қағып:

–        «Е-е… Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыда кім өткен?», – деп, тағы да әңгіме тілегенін білдіруші еді. Әжесі әуелде көп-көп ертектер айтқан. «Еділ-Жайық», «Жұпар қорығы», «Құла мерген», бәрі-бәрі де айтылды. Оның әнгімелерін түсте де, кешке де, тіпті кеш бойы да Абай айтқыза беретін болды. Кішкентай күнінен ертек-әңгімені көп сүйетін бала осы жазда, тіпті, көп есітіп, көп біліп алған сияқты. 

Күн өтті. Күн артынан біршама уақыт өтті. Көктемнің көзі шығып, ел көшуге жақындады. Биыл ел көшіне белгілі қоныстар: Талдыбұлақ, Барлыбай, Қызылқайнар. Абай атқа мінуге жарағанымен, үйден аса көп шықпайтын. Оған әжесі көп-көп ертегілер мен әңгімелер айтушы еді. Соның ішінде: «Еділ-Жайық», «Жұптар қорығы», «Құла мерген», «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Жүсіп-Зылиқа» секілді жыр-дастандар болатын. Осындай әдебиетке зейін қойып, тыңдап жүрген күндердің бірінде үйге екі бөгде қонақ келіп қонады. Бірін Абай таниды. Ол былтыр жайлауға келіп, «Қозы Көрпеш – Баянды» жырлап берген Байкөкше деген жыршы. Екіншісін бала Абай танымағанымен, шешесі жақсы біледі екен. Ол кісі Барлас деген ақын болатын. Сол түні Барлас «Қобыланды батыр» жырын сұлу да әсерлі етіп жырлап береді. Абай шешесімен екі қонақты бір айға шейін жібергісі келмеді.

Телғара осы аралықта Асан қайғы, Бұқар жырау, Марқабай мен Жанақ, Шортанбай, Шөже, Сыбанбай, Алпыс ақындардың жырларына молығады. Абайдың ауырғаны да есінен шығып кеткен болатын. Ұлжан да риза болып, қонақтардың кетерінде Барласқа семіз көк атты, ал Байкөкшеге торы құнанды сыйға береді.

( «Абай жолы» «Қайтқанда» тарауынан үзінді)

0

Пікір қалдыру