Kyzylorda-news.kz. Өмірге келу, балалық шақтың бал дәуренін өткеру, жастық шақта арманның биік асқарына ұмтылу – бәрі де өмірдің өзіндік қызығы. Десек те, адамзат баласының өмірлік жарын табумен толыға түсетін отбасы бақытының орны бір бөлек.

Дана халқымыз өскелең ұрпақты дәстүрлі құндылықтарымен сусындыра отырып, анасы қызын «Барған жеріңе тастай батып, судай сің», «Ерге жаққан, елге де жағады», ал бозбаланы «Жақсы әйел теңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас» деп тәрбиелеген.

Бірақ бүгінде біз осы тәрбиеден алшақтап, ұлттық құндылықтарды ұмыт қыла бастағандаймыз. Олай дейтініміз, өткен 2019 жылғы мәліметке сүйенсек, Қазақстанда әрбір екінші неке ажырасумен аяқталған. Ал, 400 мың ана балаларын жалғыз тәрбиелеп отырса, 60 мың жалғызбасты әке отбасынан алыстаған. Қазақстанның солтүстік өңірлерінде – әрбір екінші отбасының шаңырағы шайқалады. Отбасының бұзылуына баланың болмауы негізгі себеп дейін десек, ажырасқандардың 83 пайызының ортақ балалары бар. Британдық «The Economist» басылымының әлемдік рейтингінде Қазақстан ажырасу саны бойынша 10-орында тұр деп кемшілігімізді бетке басыпты.

Елімізде жыл сайын жас отбасылардың отау құруы қуантарлық жайт. Алайда, неке бұзылуының саны да қатарласып артуы қоғамның бір дертіне айналуда. Бүгінгі күні отбасылардың ажырасуына жол беретін түрлі себептерді байқап жатамыз. Көп жағдайда ерлі-зайыптылардың өз міндеттерін толық орындамау себебінен шаңырақтары шайқалып жатады. Әсіресе дін тұрғысында бірқатар жанұя діни ұстанымдарына байланысты «талақ» мәселесін негіз етеді. Ислам атын жамылған «псевдосалафизм», «уахабизм» және «такфиризм» ағымдарын ұстанушылар ажырасу шарттарын бұрмалап, түрлі сылтауларды алға тартады. Әйелі намаз оқымайтын болса оны намазға жығылуға мәжбүрлеп, көнбегендеріне талақ айтып шыға келеді. Жарының намаз оқымайтын туыстарын да кәпірге балап, олармен туыстық қарым-қатынасына шектеу қояды. Осының салдарынан ерлі-зайыптылардың арасында дау шығып, ақыр соңы отбасының ойрандауына алып келеді. Бұдан бөлек деструктивті діни ағымды ұстанушылар арасында заңды түрде некелеспей, «шариғаттың жолымен» деген желеумен жанұя құратындар көп. Мұндай отбасында жауапкершілік болмағандықтан, ері әйелінен жалыға қалса «талақ» айтып, келесі үйленетін адамын іздеп кете береді. Ал, шындығында ислам діні жастардың шаңырақ көтеріп, сол отбасының бұзылмауына ерекше мән береді. Жанұя құру мәселесіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Жазушы Ғабиден Мұстафиннің «Ата-ананың міндеті – тәрбиелеу және жақсылықты үйрету» дегендей бала тәрбиесінде және оның тұлға болып қалыптасуына ата-ана мен отбасының маңызы зор. Отбасында берілген тәрбие бала өмірінде маңызды рөл атқарады. Мәселен, шектен тыс әлпештеніп, айтқаны екі етілмеген балалар ата-анасын басынып, ашушаң мінезді болып өседі. Өзімшілдік қасиетке ие болады. Жақсы тәрбие беру, қоғамға пайдалы тұлға жетілдіру үшін ақша мен байлық болуы шарт емес.

Халқымызда «Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген даналық сөз ұлттық тәрбиенің отбасылық өмірде атқарар рөлін айқындап тұрғандай. Әрбір азамат атаның қанымен, ананың сүтімен келетін ізгі қасиеттерді, отбасылық, ұлттық және рухани құндылықтарды жанұяда ата-ананың тәрбиесімен бойына сіңірсе, келешек ұрпақтың ертеңге нық қадам басуының негізі болмақ.

Ақерке САҚТАҒАНОВА,

Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының

Дін мәселелерін зерттеу орталығы «Діни, психологиялық кеңес беру және оңалту» бөлімінің теолог маманы

Тағы да оқыңыз: