Kyzylorda-news.kz. Жаңа коронавирус COVID-2019 – адамдарда осы уақытқа дейін анықталмаған коронавирустың жаңа штаммы.

COVID-2019 жұқпасының белгілері басқа да респираторлық аурулардың симптомдарына ұқсас және түшкіру, жөтелу, осы ауруды жұқтырған адамдармен байланыста болу арқылы тарайды. Аурудың ауыр түрі егде жастағы, сонымен қатар ағзасында басқа да патологиялары (мысалы, қант диабеті, өкпе, жүрек-қан тамыр жүйесінің аурулары, т.б.) бар адамдарда кездесуі ықтимал.Уақытылы еммен қамтылмаған жағдайларда аурудың асқынған түріне, әрі қарай өлім жағдайларына соқтыруы мүмкін.

COVID-2019 вирусының заттардың бетінде өмір сүру ұзақтығы әлі анықталмаған, бірақ алдын ала мәліметтер бойынша олардың тіршілік ету ұзақтығы бірнеше сағат болуы мүмкін.

Жаһанды жайлаған бұл кесірлі кесел біздің өңірімізді де айналып өткен жоқ. 28 наурыз күні алғашқы науқас тіркелсе, 05.05.2020 жылғы мәлімет бойынша ін­дет жұқ­тырғандар саны 217-ге жетті. Оның ішінде 22-сі 14 жасқа дейінгі балалар арасында, 6-уы 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдер, қалған жағдайлар ересектер арасында тіркелді.

Қызылорда облысында коронавирус жұқ­тыру де­ректері тіркел­мей тұрып-ақ облыс шека­ра­ларында бақылау күшейтілді, сонымен қатар шетелден кел­гендер қа­таң тексерілді. Коронавирус бойын­ша қауіпті елдер санатына жа­татын мем­лекеттерден келген аза­маттар бірден ка­рантинге жат­қы­зылып, бақылауға алын­ды.

Президент Қ. Тоқаевтың Жар­лығы бойынша 16 наурыздан бастап Қазақстан Республикасын­да төтен­ше жағдай енгізіліп, ірі сауда объектілерінің жұ­мыс істеуіне шектеу қойылды, сауда ойын-сауық орталықтарының, кино­театр­лар­дың, театрлардың, көрмелердің және адам­дар көп жи­налатын басқа да объек­ті­лердің қыз­меті тоқтатылды. Ойын-сауық, спорт­тық іс-шараларды, сондай-ақ той-томалақтарды өткізуге тыйым салынды.

Алайда төтенше жағдай талаптарын сақтамай, салғырттық танытқандар да табылды. Дертке шал­дыққандардың өз ауруын жасырып қана қоймай, айналасындағылармен байланысты үзбеуі, ел тұрғындарының мем­лекет қабылдаған шектеу шаралары мен ескертулеріне құлақ аспауы, халықтың қарапайым гигиена талаптарын орын­дамауы аурудың көбеюіне себеп болды. Наурыз мейрамы, туған күн, түрлі дәстүрлі той-жиындарды тойлауды жалғастыру инфекцияның бұрқ еткен жағдайларына әкеп соқтырды. Жаңақорған, Шиелі, Сырдария (Амангелді) аудандарында аз уақыттың ішінде ауру санының өршуі осыған дәлел. Коронавирус инфекциясының нақтыланған 40-тан аса жағдайы бір ғана Қодаманов ауылында тіркелді және бір ауру көзінен таралды.

05.05.2020 жылғы жағдай бойынша облыста 120 ошақ анықталып отыр. Бұл әлі де біздің бейқамдығымыздың, коронавирус індетіне қатысты қалыптасып отырған жағдайға бейжайлығымызды көрсетіп отыр.

Өңірімізде аурудың әрі қарай өршуіне жол бермей, шоғырландыру, тоқтату мақсатында облыстың, қала, аудандардың бас санитариялық дәрігерлерінің Қаулыларымен карантиндік режимдегі шектеу шаралары енгізілді. Карантин аумағына кіру-шығу тәртібін реттеу үшін блок-бекеттер қойылды, қоғамдық тамақтану мен қоғамдық көліктер жұмыстарына шектеу жасалды, көшеде бей-берекет жүруге тыйым салынды, көліктің кез-келген түрлерінің қозғалысына шектеулер қойылды. Мұндағы мақсат – инфекцияны тасымалдау тізбегін кесу, ауруды шоғырландырып, жою. Облысымызда енгізілген мұндай карантиндік шектеу шаралары өз нәтижесін бере бастады.

Бұдан бөлек, қауіпті топарды скринингтік тексеру, ауруды белсенді анықтау жұмыстары да басталып кетті. Ағымдағы жылдың 17 сәуірінен бастап скринингтік тексеруден 4131 адам өтіп, оның 0,31%-нен коронавирус инфекциясы анықталды.

Қолға алынған осындай жедел жұмыстардың арқасында ауру ерте анықталып, науқастармен қарым-қатынаста болғандар карантиндік стационарларға уақытылы оқшауландырылып, аурудың басым көпшілігі жеңіл түрде өтуде. Барлығы толық және уақытылы адекватты ем алуда. Бүгінгі күні облысымызда коронавирус инфекциясынан емделіп, қанағаттанарлық жағдайда үйлеріне шығарылғандар саны 140 адамға жетті, өлім жағдайлары тіркелген жоқ.

Менің, яғни Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 28.04.2020 жылғы №11 Қаулысымен халықтың тыныс тіршілігін қалпына келтіру мақсатында экономиканың жекелеген салалар бойынша шектеу шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету шаралары жүзеге асырылуда.

Қызметін қайта бастайтын салалар мен объектілер жұмысына күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режиммен рұқсат етіліп отыр. Әзірге ұжымдарда кез келген корпоративтік, көпшілік іс-шараларын, жанұялық (туылған күн, үйлену тойы, құдалық, ауызашар, басқа да дәстүр мен әдет-ғұрып шаралары, т.б ) барлық жиындарға, көрші, туған-туыстарға қонаққа баруды шектей тұрған дұрыс.

11 мамырдан бастап эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, жеңілдетудің келесі кезеңі жүргізіледі. Соған байланысты жұмыс берушілер тарапынан сақтық шаралары күшейтілуі керек: жұмыскерлердің жұмысқа кіруі кезінде қолды тері антисептиктерімен қамтамасыз етулерін, гигиеналық процедураның сақталуын бақылауы қажет.Жоқ болу себептерін анықтау арқылы қызметкерлердің жұмысқа шығуына күнделікті мониторинг жүргізіп, ЖРВИ, тұмау және басқа да вирустық ауруларға ерекше назар аударылуы керек.

Үй-жайларда температуралық режимнің оңтайлы параметрлерінің сақталуын бақылап, жұмыс үй-жайларын тұрақты (әрбір 2 сағат) желдетіп тұруға кеңес береміз. Үйде, жұмыс орындарында есік тұтқаларын, ажыратқыштарды, жұмыскерлердің үстелдері мен орындықтарын, кеңсе техникасы, көпшілік пайдаланатын орындарды (тамақ ішетін, демалатын бөлмелер, дәретхана бөлмелері, спортпен айналысуға арналған бөлмелер мен жабдықтар және т. б.) дезинфециялауға баса назар аудара отырып, үй-жайларды дезинфекциялау құралдарын қолдану арқылы сапалы жинауды, барлық үй-жайларда әр 2 сағат сайын өңдеу жүргізілуі тиіс.

Тұрмыстық қатты қалдықтар жинайтын орын және оның аймағын таза ұстауды, уақытылы қалдықтарды шығарып отыру қамтамасыз етілуі керек.Адам көп шоғырланатын орындарда 1,5 метр қашықтықты, бетперде кию ережелерін сақтауды ұмытпаған жөн. Қоғамдық көліктерде әр рейс сайын санитариялық-дезинфекциялық шаралар жүруі тиіс. Қол жуу ережелері, жеке бас гигиенасы сақталуы керек және жолаушыларды көліктегі орын санынан артық алмауды жүйелендіру керек.

Ғалымдардың айтуынша, бұл да маусымдық аурулар сияқты күнделікті тіршілікте кездесіп отырады. Сондықтан карантиндік шектеу шараларын алып тастауендікоронавирус инфекциясын жұқтыру оқиғасы мүлдем тіркелмейді деген ой тудырмауы тиіс.

Осы ретте жұмыс берушілер назарына төтенше жағдай кезіндегі шектеу шаралары орындалмаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес жауапкершілікке тартылып, кәсіпкерлік нысанның жұмысын тоқтатып, жабуға дейін шаралар қолданылатындығын жеткіземіз.

Сондықтан эпидемиологиялық ахуалды тұрақты ұстап тұру үшін, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету мақсатында жоғарыда аталған нұсқаулар мен талаптарға құ­лақ асып, сақтық шараларын мұқият орын­дау өзге үшін емес, ең әуелі өзіміздің жә­не жақындарымыздың қауіпсіздігі үшін қажет екенін ескергеніміз абзал.

Әлия ӘБДІҚАЙЫМОВА,

Қызылорда облысының Бас

мемлекеттік санитариялық дәрігері

Тағы да оқыңыз: