Kyzylorda-news.kz. Бүгін балаларым мен немерелерім хабарласып, “Ардагерлер туралы” жаңа заң қабылданғанын, онда мен секілді Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне көптеген жеңілдіктер жасалып жатқанын жеткізді.

“Ардагелер туралы” жаңа заңмен әлі танысып үлгергенім жоқ. Бірақ, айтылып жатқан пікірлерді естіп қуанып қалдым.

Менің жасым қазір 95-те. Ұлы Отан соғысына не бәрі 18 жасымда аттандым. Соғыстың нағыз қызып жатқан шағына тап келіп, 361-ші дивизия құрамында Ленинград қаласын блокададан шығару соғысына қатыстым. Қан майданда көрмегеніміз жоқ.

Соғыстан кейінгі жылдары Мәскеу университетінің статистика факультетіне сырттай оқуға түсіп, экономист мамандығын алдым. 37 жыл Қармақшы аудандық статистика басқармасын басқардым.

Мұның бәрін неге айтып отырмын? Соғыс ардагерлері қан майданда ғана емес, одан кейінгі жылдары да елдің еңсесін көтеруге атсалысқанын кейінгі ұрпақ біліп өсуі керек.

Әрине, қабылданып жатқан жаңа заң – Жеңістің 75 жылдық мерейтойының қарсаңында бізге өте үлкен сый, демеу болғанын жасыра алмаймын.

Жаңа заңда бізге жыл сайынғы төленетін жәрдемақымыз көбейіп, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілген ардагерлер салықтың 11 түрінен босатылады деп айтып жатыр.

Біз – бұл жеңілдіктердің қызығын көріп үлгереміз бе, жоқ па, оны бір Алла біледі. Мұны мен сізге 95 жастағы майдангер ретінде айтып отырмын. Оның үстіне, соғыс салған жараны еш нәрсе жаза алмайтыны тағы бар.

Десек те, мемлекеттің бізді назардан тыс қалдырмай, елеп-ескеріп, қамқорлық танытып жатқандығы қуантады.

Бұл – ардагерлерін ардақтап, қарттарын қадірлеген ел озатындығының тағы бір көрінісі.

Әбдірауық САТЫБАЛДИЕВ,

Ұлы Отан соғысының ардагері.

Тағы да оқыңыз: