Kyzylorda-news.kz. Тұрғын үй алуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар өз тиімділігін көрсетті. Себебі, облыстағы салымшылардың саны 60 мыңнан асқан. Сондай-ақ, «Нұрлы жер» бағдарламасы баспана алудың жаңа бағытын әзірлеуде. Жаңа пилоттық жоба «5-10-20» шарты бойынша тұрғын үй сатып алу үшін азаматтарды несиелендіруді қарастырады.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Отбасы банкі» Қызылорда филиалының директоры Әділжан Сәулебаев хабарлады.

-«5-10-20» пилоттық жобасына тұрғын үйге мұқтаж ретінде жергілікті атқарушы органдарда есепте тұрған азаматтар қатыса алады. Несие мөлшерлемесі 5 пайыз, ал бастапқы жарна 10 пайыздан басталады. Несиелендіру мерзімі – 20 жылға дейін. 2020-2025 жылға бағытталған «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес 316 азаматқа 2,7 млрд.теңге қарастырылды. Ал «Әйелдер» ипотекасының мөлшері 12 пайызбен беріледі. Егер салымшының табысы 200 мың теңгеден төмен болса, үй құнын 15 пайызбен, ал айлық табыс одан жоғары болса 20 пайызбен баспанаға қол жеткізеді. Жалпы баспана алуға бағытталған бағдарламалар өз тиімділігін көрсетіп келеді, – деді Әділжан Сәулебаев.


Тағы да оқыңыз: