2019 жыл: бір ауыз сөзбен елді шулатқан шенеуніктер кімдер? – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

2019 жыл: бір ауыз сөзбен елді шулатқан шенеуніктер кімдер?

14.01.2020, 16:40

164 0

Kyzylorda-news.kz. Доңыз жылы кейбір шенеуніктер мен депутаттардың сөздері әлеуметтік желіде қызу талқыланып, елді шулатқан еді.

«Жыныма тимеңізші»

Жыл басында ұлттық экономика министрінің бұрынғы орынбасары Серік Жұманғариннің тарифке қатысты сауалға берген жауабы әлеуметтік желіде қызу талқыланды.

«Шара шағын және орта бизнес жайлы. Ал сіздер тариф туралы сұрауға келдіңіздер ме? Маған ресми келіңіздерші, мен сізге тариф туралы бәрін айтып беремін. Жынымды келтірмеңізші», – деп Жұманғарин тілшіге жауап беруден бас тартқан.

Шенеуніктің бұл жауабы желі қолданушыларының наразылығын тудырды. Кейін Серік Жұманғарин ерсі әрекеті үшін БАҚ өкілдерінен кешірім сұрады.

«Мен журналистерге қарата қатты айтқан сөзіме өкініш білдіремін. Иә, менің сөзім өрескелдеу болды. Сол себепті журналистерден ресми түрде кешірім сұраймын. Сұхбат беру мәселесіне келсек, ол жайлы ескерткенімдей, журналистерді қызықтырған сауалдарға жауап беруге дайынмын»- деді вице-министр.

Бүгінде Серік Жұманғарин Еуразиялық экономикалық комиссияның алқа мүшесі (министр), Мәскеу қаласында жұмыс істейді.

Жұрттың ашуына тиген экс-министр

Мәдина Әбілқасымова 2018 жылдың 9 ақпанынан 2019 жылдың 25 ақпанына дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарды. Жоғары лауазымды қызметтегі басшы бір жылдың ішінде халықтан біраз сын естіп, соңында қызметінен кетті. Әбілқасымованың жиі сынға ұшырауына себеп те жоқ емес.

2019 жылдың қаңтарында көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақы 15,4 мыңнан 16,1 мың теңгеге дейін көтерілді. Министр бұл жаңалықты зор мақтанышпен айтып, жұрттың ашуына тиді. Оның пікірінше, басқа елдерде аналарға мұндай жағдай жасалмапты.

«Ресейде ана капиталы деген бар. Бірақ, бізде барлық жылды есепке алсақ, аналар бірнеше миллион теңге алады, ал жәрдемақы – өмір бойы төленетін көмек», – дейді Мәдина Әбілқасымова үкімет кулуарында журналистерге.

Осыдан соң көпбалалы аналарды «миллионерге» теңеп қойған Әбілқасымованың сөздері әлеуметтік желіні шарлап кетті.

Ал 4 ақпанға қараған түні Нұр-Сұлтанда (ол кезде Астана қаласы) болған ауыр трагедия жағдайды одан әрі ушықтырды. «Времянкадан» шыққан жойқын өрт көпбалалы ата-ананы бес бірдей баласынан айырды. Белгілі болғандай, бес қыздың әке-шешесі түнгі уақытта жұмыста болған. Бұл қайғылы жағдайдан кейін қазақстандықтар сол кездегі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың отставкаға кетуін талап етті.

Бүкіл қазақстандықтың қабырғасын қайыстырған жағдайдың ертесінде Әбілқасымованың Forbes Kazakhstan журналына берген сұқбаты мен мұқабаға басылған суреті жарияланды. Бұл желі қолданушыларының наразылығын одан әрі күшейтті. Қайғылы оқиғадан кейін үкімет отырысында төбе көрсетпеген Әбілқасымова тағы да сынға ұшырады. БАҚ өкілдерінің барлық сауалына оның орынбасары Светлана Жақыпова жауап беріп, министрдің неге отырысқа қатыспағанын түсіндірді.

«Министр өткен аптадан бері ауырып жүр. Кеше (4 ақпан күні – Sputnik) өзі барып ата-анасына көңіл айтты», – деді Светлана Жақыпова.

Әбдірахымов Лондоннан сәлем жолдады

Биыл жазда Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Ұлыбритания астанасы Лондоннан туған жеріне жалынды сәлем жолдады. Бұл туралы ол Instagram желісіндегі жеке парақшасында жазды.

«Лондоннан сәлем жолдаймын. Таңғы астан кейін Гайд-паркте серуендейін деп шештім. Лондон – әлемнің астанасы. Әрине, оны дәлелдеудің қажеті жоқ шығар. Бірақ мен Қазақстанды жақсы көремін. Қазақстанда тұрып, сонда жұмыс істеп, әлемге саяхат жасау керек», – деді Лондонға жұмыс сапарымен барған әкім.

Сонымен қатар ол өз елінің патриоты болғаны үшін қуанышты екенін атап өтті.

«Мен балаларымызға, жастарымызға «Қазақстанда табысты жұмыс істеп, өз мақсаттарына жетіп, әлемді араласын» деп тілеймін», – деді Әбдірахымов.

Оның бұл сөзі әлеуметтік желіде қызуға талқыға түсті. Кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Ғабидолла Әбдірахымов Шымкент қаласының әкімі қызметінен босатылды. Қазір ол Қазақстан премьер-министрінің кеңесшісі қызметін атқарады.

Бақтияр Мәкен неге ашуланды?

2019 жылы елордада көпбалалы аналар жиі-жиі митингіге шығып, әкімдіктен Нұр-Сұлтаннан пәтер беруді талап етті. Қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен көпбалалы аналармен кездесіп, олардың бәрін жеке-жеке қабылдаймын деп әкімдікке де шақырды. Алайда ондағы кездесудің бірінде қала әкімінің орынбасары ашуға ерік беріп, аналармен дөрекі сөйлескен сәті видеоға түсіп қалды.

Бұл жағдай да желі қолданушыларының арасында қызу талқыланды. Кейін Бақтияр Мәкен эмоцияға берілгенін мойындап, аналармен неге жанжалдасып қалғанын түсіндірді.

«Шыдамның да шегі бар. Бірақ эмоция тек осы видеода ғана емес. Ондай эмоция бұған дейін де көп болды. Маған қатысты, мемлекеттік қызметкерлерге қатысты, жалпы шенеуніктерге қатысты. Енді эмоциямды ұстауға тырысамын», – деді басшы ағынан жарылып.

Сондай-ақ әкімнің орынбасары көпбалалы аналардың баспана мәселесін қалай шешуді жоспарлап отырғанын тілге тиек етті. Оның пікірінше, барлығы заң аясында жүзеге асырылуы қажет.

«Мен тек сол белсенді аналарға ғана пәтер алып берейін деп отырған жоқпын. Бүгінде мүлдем тұратын жері жоқ адамдар да бар. Енді біз меценаттарға өтініш жасап, осы адамдарға көмек беруді сұраймыз. Бірақ мемлекет заңсыз жолмен пәтер бере алмайды. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында 47 620 адам баспана кезегінде тұр. Біз оларды айналып, пәтер тарататын болсақ, дұрыс емес қой. Сондықтан бәрін заң аясында ғана жасауым қажет», – деген еді Бақтияр Мәкен.

Sputnik Қазақстан

0

Пікір қалдыру