Kyzylorda-news.kz. Күздің әр күні жылға азық демекші, қазір аудан диқандары берекелі күздің әрбір сәтін тиімді пайдаланып, жиын-терім жұмыстарын ысырапсыз аяқтау үшін бел шеше күресуде.

2020 жылы Жалағаш ауданына егілген егіс көлемі ауыл шаруашылығы дақылдарының бекітілген сызбасына сәйкес 36 731 гектарды құрады. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 21600 гектар, жаздық бидай 507 гектар, мақсары 1757 гектар, жаңа жоңышқа 3715 гектар, ескі жоңышқа 6452 гектар, картоп 500 гектар, көкөнiс 1000 гектар, бақша 1 200 гектар.
Егілген 507 гектар бидай толық жиналып, 306 тонна өнім алынды. Орташа өнім гектарына 6,04 центнерден келді. 1757 гектар мақсары толық жиналып, 1493 тонна өнім жиналды. Орташа өнім әр гектарға 8,5 центнерден келді. 3715 гектар жаңа жоңышқа толық жиналып 4198 тонна өнім алынды. Жоңышқаның орташа өнімі гектарына 11,3 центнерден айналды. 6452 гектар ескі жоңышқа орымы толық аяқталып 34776 тонна өнім алынды. Орташа өнім әр гектардан 53,9 центнер.

Қазіргі таңда күріш егістігінің су тарту жұмыстары толық аяқталып, қыркүйек айының 5-нен бастап шаруашылықтар орақ науқанына жаппай кірісті. Бекітілген кестеге сәйкес егін ору жұмыстарын 25 тамыздан 5 қазанға дейін, ал күрішті бастыру жұмыстарын 27 тамыздан бастап 10 қазанға дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Бүгінгі күнге (19.09.2020 ж мәліметі бойынша) ауданда 90 шаруашылықта 10433 гектар (48,3%) күріш орылып, 7744 гектары (35,8 %) бастырылды. 2019 жылы науқан қортындысымен әр гектардан алынған орта өнім 63,8 центнер болса, биылғы жылы 65,3 центнерден өнім алынады деп межеленуде.

Күзгі егін жинау және дала жұмыстарына мемлекет тарапынан 2398 тонна жанармай бөлініп отыр. Шаруашылық басшыларының жазбаша ұсыныстарына сәйкес «Нефть-Транс Қызылорда» ЖШС және «РК-Мұнай» ЖШС дизель отынын жеткізіп беруші оператор ретінде таңдалды. «Нефть-Транс Қызылорда» ЖШС 962 тонна және «РК-Мұнай» ЖШС 1436 тонна дизел отынын жеткізіп беретін болып келісілген. Бүгінгі күні дизель жанармайының 1 литрінің бағасы 165 теңге болып отыр.

Соңғы жылдары ауданда ауыл шаруашылығы техникалық паркін жаңарту жұмыстары үнемі жүргізіліп келеді. 2019 жылы құны 1,84 млрд. теңгені құрайтын 49 дана ауыл шаруашылығы техникалары алынған болатын. Ағымдағы жылы 1397,1 млн. теңге қаржыға 60 жаңа техника сатып алынды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қолында бүгінгі таңда күзгі егін жинау жұмыстарына қатысатын барлығы 994 ауыл шаруашылығы техникасы бар. Оның ішінде 426 трактор, 245 комбайн, 108 жатка, 53 жүк көлігі және 162 көлік тіркемесі. Оның ішінде соңғы үлгіде жасалған «AXION 820» тракторы, «LW300KN» фронтальды жүк тиегіші, «TUCANO 580», «Магдон М155» комбайны секілді шетелдік техникалар бар.

Осындай жаңарған техникаларды пайдалану – диқандар қауымына жаздайғы маңдай терімен келген несібені шашпай-төкпей, ысырапсыз жинап алуға мүмкіндік беріп отыр. Ел ырысын еселеген диқандар қауымына, қамбаң дәнге толсын демекпіз.

Тағы да оқыңыз: