Гүлшара Әбдіқалықова: Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында өсім бар – Kyzylorda News
Басты бет

Гүлшара Әбдіқалықова: Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында өсім бар

16.07.2021, 17:43

2053 0

Kyzylorda-news.kz. Бүгін аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті 4 сессиясы өтті. Сессияны облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов жүргізді. Кезекті сессия барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілді.

Күн тәртібінде 2020 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы туралы есебі мен Қызылорда облыстық мәслихатының бірқатар шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 19 мәселе қаралды. Атап айтқанда, «2021-2023 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Қызылорда облыстық мәслихатының 2020 жылғы 11 желтоқсандағы №519, «Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде «Рауан» инклюзивті балабақшасын ашу» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы» Қызылорда облыстық мәслихатының 2018 жылғы 17 қазандағы №245 шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, «Жаңақорған ауданы Төменарық ауылдық округіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенін жалға алу» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау, Қызылорда облыстық мәслихатының денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша кейбір шешімдерін жойылды деп тану және т.б. маңызды жобалар сөз болды.

Облыс әкімі биылғы жылдың жартыжылдық қорытындысы негізінде депутаттар алдында есеп беріп, шектеу шараларына қарамастан өңірде экономикалық көрсеткіштерде өсім бар екенін атап өтті.

«Биылғы жылғы 10 шілдеде өткен Үкіметтің Кеңейтілген отырысында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев коронавируспен күресті жалғастыра отырып, экономиканың өсу қарқынын арттыруды тапсырды. Өнеркәсіп өнімінің көлемі – 0,5%, өңдеу өнеркәсібі – 14,6%, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 2,8%, инвестициялар – 13,6%, оның ішінде жеке инвестициялар – 5,9%, құрылыс жұмыстары – 34%, пайдалануға берілген тұрғын үйлер – 5,3% және бөлшек сауда – 1%-ға өсті. Жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 6,1%-ға артып, 49 808 бірлікті құрады. Жыл басынан бері экономика салаларында 16 464 жаңа жұмыс орыны құрылды, оның 6328-і тұрақты жұмыс орны. Жұмыссыздық деңгейі – 4,9%. Индустрияландыру бағдарламасының үшінші бесжылдығы аясында 7 мыңнан астам жұмыс орны құрылатын 41 жобаны жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде.
Есепті кезеңде Индустрияландыру картасының іске асырылған жобаларымен шығарылған өнім көлемі 8 млрд.теңгеге артып, жалпы 18 млрд.теңгені құрады. Экспорт 24,3%, ал экспорттаушы елдер саны 8-ден 12-ге дейін өсті. Биылдың өзінде 48,5 млрд.теңгеге 506 жұмыс орны құрылатын 4 жоба іске асырылады. Азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселелері де бақылауда», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Бүгінгі күні аймақта қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты облыс «қызыл аймаққа» енді, эпидемиологиялық ахуалды жақсарту мақсатында тиісті шаралар қабылдануда.

Вакцинациялау бойынша 106 екпе кабинеті жұмыс жасауда, оның 91-і аудандарда. Шалғай елді мекен тұрғындарын вакцинациялау үшін 39 мобильді топ жұмыс жасауда. Облыста «Ashyq» жобасына қатысатын 510 нысан нақтыланды. Бүгінде бұл жобаға 280 кәсіпкерлік нысаны тіркеліп, жұмыс жасауда.

Облыстық бюджетті қалыптастырудағы басым бағыттардың бірі – «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру. Бағдарламаның республикалық Жол картасының іс-шараларын іске асыруға жыл басынан бері 2,3 млрд.теңге, ал өңірлік Жол картасына 362,8 млн.теңге бөлінген.

Белгілі болғандай Арал ауданында қатты құрғақшылық салдарынан ірі қара шығыны орын алып, нәтижесімен төтенше жағдай жарияланды. Осыған байланысты, облыстың төтенше резервінен тиісті қаржы бөлінуде. Ірі көлемдегі шараларға қажетті қаражат көлемі есептеліп, Үкіметке жолданды. Алдағы уақытта Үкімет резервінен де тиісті қаржы бөлінеді деп күтілуде.

Жедел шараларды атқару нәтижесінде жағдай дер кезінде тұрақталып келеді. Бүгінгі күні 1767,6 тонна жоңышқа, 50 тонна жем әкелінді, қосымша 406 тонна жоңышқа мен 60 тонна арпаға тапсырыс берілді. Облыс бойынша 2021-2022 жылдың қысына түсетін малдарға қажетті 942,4 мың тонна ірі азықтың бүгінгі күнге 181,1 мың тоннасы дайындалып, жалпы қажеттіліктің 19,2% қамтып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Аймақ басшысы депутаттық корпус тарапының облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы бірінші кезекте шешуді қажет ететін өзекті мәселелер мен ұсыныс пікірлері ескеріліп, бірқатар маңызды жобаларына республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлінгенін атап өтіп, облыстық мәслихат сессиясының қарауына 2021-2023 жылдарға арналған облыстық бюджетті кезекті нақтылау мәселесін ұсынды.

Сессия барысында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық мәслихат депутаты Мақсұт Нәлібаевты «Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы қызметіне сайлануымен құттықтап, алдағы кезеңде бірлесе жұмыс атқаратынына сенім білдірді.

0

Пікір қалдыру