Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында «Atameken Qyzylorda» микроқаржы ұйымы арқылы жалпы құны 8,2 млн теңгеге алғашқы екі жоба қаржыландырылды. Жобасы қаржыландырылған кәсіпкерлердің бірі Қызылорда қаласының, екіншісі – Сырдария ауданының тұрғыны.

Тоғжан Қалдыбай Сырдария ауданына қарасты Іңкәрдария ауылының тұрғыны. 26 жастағы келіншек отбасылы, жолдасымен екі бала тәрбиелеп отыр. Бала күтімінде отырған ол отбасымен ақылдаса келе кәсіп бастауға бел буады.

«Ауылда тұрғандықтан үйде мал ұстаймыз. Оның күтімі бізге жақсы таныс. Отбасы мүшелері ата-енем, жолдасыммен ақылдаса келе мал бордақылаумен айналысайық деп шештік. Ол үшін осы жазда «Бастау Бизнес» жобасын онлайн оқып, сертификат алдым», – дейді Тоғжан Қалдыбай.

Жас кәсіпкер Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Сырдария аудандық филиалы мамандары арқылы мемлекеттік бағдарлама талаптарымен танысып, «Atameken Qyzylorda» микроқаржы ұйымынан жылдық 6 пайызбен несие алуға болатыны жөнінде ақпарат алды.

«Тамыздан бастап құжаттар жинақтай бастадым. Қажетті құжаттарды дайындауда аудандық филиал кеңесшісі көп көмектесті. Түсінбеген сұрақтардың барлығына жауап беріп, қаржыландыру алғанға дейін жобаға сүйемелдеу көрсетті.  «Atameken Qyzylorda» микроқаржы ұйымынан алғашқылардың бірі болып қаржы алып жатыр екенмін. Қуаныштымын. Енді бұл қаржатқа жылқы алып, оны бордақылаймыз», – деді келісімшартқа қол қойып тұрған Тоғжан Қалдыбай.

Тоғжанмен бірге алғашқылардың бірі болып жеңілдікпен несие алған келесі азамат Қызылорда қаласының тұрғыны Нұрлан Ахтаев. Ол микроқаржы ұйымынан алған несиеге жүк тасымалына арналған машина сатып алмақ. Көлік кәсіпкерге пластик терезелерге арналған цехының жұмысын кедергісіз жүргізу үшін қажет екен.

«Ұйым осы жылдың маусымында ашылды. Жалпы биыл «Atameken Qyzylorda» микроқаржы ұйымы арқылы 238 жобаға қаржы бөлінеді деп жоспарлап отырмыз. Қазір 11 жоба мақұлданып, оның екеуіне несие берілді. Мамандарымыз түгел, жұмыс жолға қойылды», – дейді ұйым директоры Имат Қуанышев.

Айта кетейік, «Atameken Qyzylorda» микроқаржы ұйымы Қызылорда қаласы, Қорқыт ата көшесі 123, «Бизнеске арналған үкімет» ғимаратының 3-қабаты, 316-кабинетінде орналасқан.
Несиелендіруге қатысты барлық сауалдар бойынша 8 /7242/ 40-09-81, (ішкі нөмірі 4330) байланыс нөмірі арқылы хабарласуға болады.

Тағы да оқыңыз: