Арал ауданы: Елді мекендерде құрылыс қарқынды – Kyzylorda News
Басты бет

Арал ауданы: Елді мекендерде құрылыс қарқынды

21.09.2022, 18:04

529 0

Kyzylorda-news.kz. Аудан әкімі Серік Сермағамбетов бірқатар елді мекендерде болып, ондағы құрылыс жұмыстарының барысын бағамдады.

Ең алдымен Аманөткел ауылдық округінде орналасқан Хан елді мекені тұсындағы қалқымалы көпірді қайта жаңғырту жұмыстарын көрді. 2020 жылы аудандық бюджеттен бөлінген қаржыға көпірді қайта жаңғырту үшін жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілген болатын. Қазіргі таңда облыстық бюджеттен қаржы қаралып, тиісті жұмыстар басталуда. Атап айтар болсақ, аталған орынға пантомның темір-жабдықтары мен қайықтары жеткізілуде. Көпірге қайта жаңғырту жұмыстарын «Жылу-ХХI» ЖШС-і жүргізуде.

Мұнан соң, іссапар кезінде Серік Сағитжанұлы аудандық маңызы бар Бөген-Ақлақ бағытындағы жолдың жағдайымен танысты. Орташа жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мекеме «СтройМодуль-Астана» компаниясы. Жұмыс барысын толық бақылап шыққан аудан басшысы мердігерге сапалы әрі уақытылы аяқтау жөнінде тапсырма берді.

Қызылжар елдімекенінің кіре-беріс автомобиль жолы да биылғы бюджеттен жаңғыртылады. Ұзындығы 15 шақырымнан асатын жолды «Аван құрылыс» мекемесі жөндеуден өткізеді. Қазіргі таңда мердігерлер жол құрылысына қажетті материалдарды тасымалдау жұмыстарын жүргізуде.