Сәуле Жақанова: Екпе алған қызметкерлердің жағдайы қалыпты – Kyzylorda News
Басты бет

Сәуле Жақанова: Екпе алған қызметкерлердің жағдайы қалыпты

14.04.2021, 11:24

382 0

Kyzylorda-news.kz. Бүгінде əлемдегі бірнеше ірі мемлекет өршіп бара жатқан инфекцияны болдырмау жолында барын салып жатыр. Біздің елімізде де ахуал айтарлықтай мəз емес. Қазақстан таяуда əлемдік эпидемиологиялық бағалау матрицасы бойынша «қызыл аймаққа» өтті. Қызылорда облысы «сары аймаққа» еніп, індетке ілінгендер көрсеткіші едəуір өсіп тұрғанын, қарым-қатынас арқылы жұқтырған жағдайлар да жиілеп отырғанын біліп отырмыз. Қазіргі таңда коронавирус инфекциясынан сақтанудың ең тиімді жолы – вирусқа қарсы екпені қабылдау.

Қызылорда облыстық перинаталдық орталығында бүгінге дейін  257 қызметкер «Спутник-V» екпесін салдырды. Вакцина алған қызметкерлердің жағдайы қалыпты. Жұмыстарын ойдағыдай жалғастырып жатыр.

Сонымен қатар, қазір елімізде жас айырмашылығына қарамай екпе алуға рұқсат етілді. Оларға қатысты медициналық қарсы көрсетілімдерін ескере отырып, егде жас санатындағы адамдарды вакцинациялауға рұқсат беру туралы шешім қабылданды. Өз денсаулығымыз бен жақындарымыздың амандығы үшін мамандардың кеңесіне құлақ түрген абзал.

Жалпыға ортақ сақтық шараларын сақтай отырып, біз бұл індетті жеңеміз деп сенемін. Еліміз аман болып, жұртымыз тыныш болғай.

Сәуле ЖАҚАНОВА,

Облыстық перинаталдық орталығы бас дәрігердің пациенттерді қолдау және медициналық көмектің сапасын бақылау жөніндегі орынбасары

0

Пікір қалдыру