Kyzylorda-news.kz.  Қызылорда қаласы Талсуат елді мекенінде орналасқан облыстық мүгедектерге арналған оңалту орталығы – өмірдің қиын жағдайына  тап болған ерекше жандардың басын қосатын, оларды жаңа өмірге бейімдейтін, қалыпты өмір дағдыларына оралуына ықпал ететін бірден-бір мекеме.

Орталықтың негізгі міндеті – қызмет алушылардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, олардың даму деңгейін арттыру, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету.   Мекеме өз қызметін 2012 жылы бастады. Екі қабатты ғимарат 6 блокқа бөлінген. Оның төртеуі қызмет алушыларға арналып жабдықталған.  150 қызмет алушыларға  арналған мекеменің әр блогында тынығу орны бар. Бір бөлмеге екі адамнан орналастырылған.  

«Орталық қызмет алушыларга үйдегідей    қолайлы жағдай жасайды. Осы мақсатта 7 бағытта,  атап айтқанда, әлеуметтік тұрмыстық, медициналық, психологиялық,  еңбек, мәдени, экономикалық және әлеуметтік-құқықтық арнаулы қызметтер көрсетеді. Бұл үшін ғимараттың әр бөлмесі қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Алты блоктың төртеуі қызмет алушыларға арналып жасақталса, қалған екі блокта дәрігерлердің қабылдау бөлімі, әкімшілік бөлмелері, мәжіліс залы, кітапхана, емдеу, арнаулы оңалту шаралары көрсетілетін бөлмелер орналасқан», -дейді орталық  директоры  Манат Тлеуова.

Бірінші және екінші топтағы мүгедектерді, егде жасына байланысты өзіне қызмет көрсетуге мүмкіндігі жоқ адамдарға  арналған жартылай стационарлық жағдайда арнаулы көмек көрсетілетіндіктен, мекеме заманауи медициналық, өндірістік құрал жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қызмет алушылардың спортпен айналысуына барлық мүмкіндік қарастырылған. Науқастардың бұлшық еттерін босаңсыту, жеңіл қимылдау рефлексін пайдаланып емдеу мақсатында бассейн жұмыс істейді. Сондай-ақ, оңалту іс-шараларын үздіксіз жүргізу мақсатында аудандардан келген қызмет алушылардың қонуына жағдай жасалған.

«Мұнда қызмет алушыларды ыждағаттылыққа, өз-өзіне қызмет көрсетуін жетілдіру, жаны жаралы жандардың өмір сүруге деген құлшынысын оятып, дүниетанымын кеңейту, әдемілікке тарту, еңбек ету қабілетін арттыруда әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандар, дәрігерлер, аяжандар, психолог, еңбек терапиясы нұсқаушылары секілді 172 қызметкер еңбек етеді. Олар келушілерге тек медициналық және оңалту шараларын жүргізумен шектелмейді. Оған орталықпен танысу барысында көз жеткіздік. Бізге келетін адамдар-ерекше жағдайдағы жандар. Сондықтан мамандарымыз олардың әрқайсысының ерекшеліктеріне сәйкес арнайы жоспар бекітіп, сол бойынша жеке-жеке жұмыс жасайды. Қызмет алушыларымыздың әр сағаты, әр сәті жоспарланған. Таңертен арнайы жаттығулар жасаумен басталатын әр күн түрлі ем-шараларға толы. Олардың қимыл-қозғалысын дамыту мақсатында мамандарымыз уақытпен санаспай жұмыс істейді. Әсіресе, еңбек терапиясының маңызы зор. Бұл мақсатта сурет салып, қолөнермен айналысудың пайдасы мол»,-дейді директор.

Расында  ғимарат іші қол еңбегіне толы. Қабырғаларда ілулі тұрған түрлі картиналар, ою-өрнектер, ағаштан жасалған сан алуан мүсіндер адамды еріксіз қаратады. Осындай керемет дүниелердің қызмет алушылардың қолынан шыққаның естігенде тіпті таңғаласын. Өйткені, бәрі сондай шынайы, әдемі. Медициналық, психологиялық қызметтер дәрігердің нұсқаулығымен әр адамның жағдайына қарай жүргізіледі. Қимыл – қозғалысынан айырылған адамдар үшін массаж, басқа да қалпына келтіретін ем-шаралар тағайындалады. Бұл мақсатта механотерапия қимыл-тірек қозгалысы бұзылған кісілерге жүруді үйретеді. Арнайы құрылғы арқылы арбаға отырған кісіні алдымен тұруға машықтандырады. Біршама уақыттан кейін ғана аяқты қозғалысқа келтіреді. Бұл жерде үш аппарат бар. Соның бірі – БОС (биологиялық кері байланыс) аппараты. Ем ойын түрінде жүргізіледі. Ол түрлі ойындар арқылы мидағы сигналдардың динамикасын жақсартуга мүмкіндік береді. Сондай-ақ, “Локомат” аппараты бар. Бұл аппарат тірек-қимыл қозғалысты жақсартуға арналған. Адамның физиологиялық жүрісін келтіру аппараты. Айта берсек, орталықта мұндай заманауи аппараттар баршылық. Сонымен қатар физиотерапия бөлімінде  сумен, тоқпен, жылумен емдеуде жолға қойылған.

«Орталықтың өз жылыжайы бар. Қызмет алушылардың бос уақытын тиімді пайдалану, еңбекке деген құлшынысын ояту мақсатында ашылған жылыжайда қияр, қызанақ, аскөк, қызылша, қырыққабат егіледі. Жылыжайда негізінен өз қызметкерлеріміз бен қызмет алушыларымыз еңбек етеді. Өз қолымен еккен өнімдерін өздері пайдаланады. Бұл да қызмет алушылардың қимыл-қозғалысының жақсаруына септігін тигізетіні сөзсіз. Сонымен қатар мекеме ауласына қауын, қарбыз, асқабақ егеміз. Жеміс ағаштары мен түрлі саялы ағаштар да, гүлдер де егілді», – дейді Манат Тлеуова.

Ауласынан бастаған ғимарат ішіне енгенде жанға жайлы жылылықты сезінесің. Тап- таза, неше түрлі гүлдермен көмкерілген, қазақы үй тігілген алаң этно-табиғат бұрышы деп аталады екен . Мұнда  қызмет алушылар отырып, демала алады. Бұл алаң демеушілердің көмегімен жасалған екен. Айта кету керек, орталық бірқатар үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыста. Қажет кезінде көмек қолын созатын демеушілері де бар. Мәселен,  мекеме ауласына  «Абзал и К» компаниясы демеушілік жасап, спорттық алаң орнатып берген.  

Қазіргі кезде орталық базасында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен БҰҰ Даму бағдарламасының бірлескен жобасы щеңберінде мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді «Модельдік пәтер» құру пилоттық жобасы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің вице- министрі – Сәкеев Руслан Кеңесарыұлы, БҰҰ тұрақты өкілі- Якуп Бериш, Қызылорда облысы әкімінің  орынбасары –  Шәменова Балжан Мөрәліқызы,  Қызылорда облысының  жұмыспен қамтуды  үйлестіру және әлеуметтік  бағдарламалар басқармасының басшысы, басшысының орынбасары және қызметкерлерімен 2021 жылдың 30 қарашасында  ресми  түрде ашылып,  қазіргі таңда сегізінші қызмет алушысын қабылдауда. Моделдік пәтер (ары қарай- МП)  бағдарламасының негізгі міндеті –  қызмет алушыларды әлеуметтік бағдарлау және өзіне-өзі қызмет ету дағдыларын қалпына келтіру; ерекше жандарға өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға, өзіне сенімді болу және басқа адамдармен тығыз байланыста өмір сүруге мүмкіндік жасау; қоғамға ерекше жандарды қабылдауға және құрметтеуге, сондай-ақ, тең мүмкіндіктер ұсынуға және осы адамдардың қабілеттерін бағалай білуге үндеу тастау. Яғни, қызмет алушыны өзіне-өзі қызмет ету дағдыларына, тұрмыстық бағдар негіздеріне үйрету. МП  өз  жұмыстарын  арнайы   құрылған  мамандар  негізінде  атқарады.  МП-ге  жауапты  мамандар (әлеуметтік  жұмыс  жөніндегі  маман, психолог, еңбек нұсқаушы, дәрігер  реабилиотолог, мәдени   қызметкер, ЛФК  нұсқаушылары) қабылданған  қызмет  алушыға  оңалту  шараларын  жүргізе  отырып, олардың  жақындарына  күтім ережелерімен дағдыларды  және  қызмет алушыға қарапайым орындалатын тұрмыстық  дағдыларды өз  бетінше  еңсере  алуға  үйрете алады.    Модельдік  пәтер (дәліз, тұру  үшін  бөлме, ас  үй, санитарлық  бөлме)  кресло-арбамен жүріп –тұруы  және жайлы  өмір  сүруі  үшін бейімделген. МП –бөлмесі   қажетті заманауи  тұрмыстық техникамен және жиһазбен жабдықталған.

Орталықта уақыт талабына сай фотовидео студиясы ашылған. Онда қызмет алушыларға электронды қызмет түрлері көрсетіледі. Атап айтқанда, электронды цифрлы қолтаңба алуға, басқа да құжаттарды рәсімдеуге болады. Сонымен қатар студияда отырып ZOOM платформасы арқылы туған-туыстарымен, отбасыларымен байланыса алады. Орталық  қызметкерлері мен қызмет алушыларының тынымсыз еңбегі өз кезегінде жемісін беріпте жүр. Біздің басты жетістігіміз, жұмысымыздың негізгі көрсеткіші мұндағы қызмет алушылардың қимыл-қозғалысымен тікелей байланысты. Мысалы, өз-өзіне қызмет көрсетуі жақсарғандар, қосалқы тірек аппараттарын тастағандар, мүгедектігі топтан топқа жақсарғандар деген секілді көрсеткіштермен өлшенеді. Оған көпшілік мәдени-спорттық шараларда алған жетістіктерімізді қосыңыз, – дейді орталық директоры. Шынында орталық мәліметіне қарап отырып, қол жеткізген жетістіктердің де жеткілікті екенің байқадық. Мәселен,      Қызылорда облысының жұмыспен  қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар  басқармасының  жолдамасымен  2012 жылдың 12 қыркүйегінен  2022 жылдың 1 мамыр аралығында 9235 қызмет алушы қабылданып, оның ішінде 2012 және 2021 жыл аралығында оңалту шараларының нәтижесінде:

74- мүгедектік кресло-қорапты тастады

184-қосалқы таяқ, трость, балдақ тастаған

332-психоэмоционалдық жағдайы жақсарғандар

118- сөйлеу қабілеті жақсарған

347- аяқ-қолдарының қимыл-қозғалыстары жақсарған

302- өздігінен тұрмыстық  бағытқа (еңбек) бейімделген

128 – мүгедектік топтан оң нәтиже бергендер

105-  түрлі кәсіптер ашып, жұмыспен қамтылғандар

    Осындай  тынымсыз еңбек арқасында орталық  талай марапаттарға да ие болды. Атап айтқанда, ҚР Президентінің  Алғыс хатымен марапатталса, Ұлттық бизнес- рейтингтер одағы атынан екі рет «Сала көшбасшысы» номинациясын иеленді. Облыс  әкімінің «Құрмет грамотасы» мен басқарма берген Алғыс хаттар қаншама ?!  Ал 2017-2018 жылдары екі жыл қатарынан ҚР  Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің ұйымдастыруымен өткен республикалық «Үздік әлеуметтік мекеме» конкурсында екінші орынды иемденді.  

    Берекелі істің басында білікті басшы тұратыны белгілі. Бұл орайда мүгедектерді оңалту орталығының басшысы Манат  Тлеуованы өз ісінің шебері, ұтқыр ойлы басшы деуге негіз бар. Манат Бектемірқызы – 1996 жылдан бастап әлеуметтік салада еңбек етіп келе жатқан маман. Сондықтан саланың қыр-сырына қанық екені сөзсіз. Оның бойындағы ұйымдастырушылық, еңбексүйгіштік, көпшілік қасиет ұжымды ұйыстырып, берекелі тірлік тінің тарқатуға септігін тигізуде. Мүмкіндігі шектеулі жандарға мүмкіндік жасап, олардың оңалуына үлес қосып отырған орталықтың алға қойған мақсаты да айқын.  

   Осындай орталықтың біздің  облысымызда ашылып, қызмет көрсетіп жатқанына әне-міне дегенше биылғы жылдың қыркүйек айында он жыл болады екен. Қызылорда облысының мүмкіндігі шектеулі азаматтарына осындай орталықтың бары үлкен мүмкіндік дей келе осы сала қызметкерлерінің арқасында тіршілік тынысы тарылып, өмірлік қиын жағдайда душар болған қамкөңіл жандар өмірге бейімделіп, еңсе тіктейді. Өмірге  өкпелі, айналасынан жәрдем күтетін  азаматтардың қайғысы мен қиындығын солармен бірдей бөлісіп, еңсеруге бірге атсалысатын сала қызметкерлері үлкен құрметке ие.

Тағы да оқыңыз: