Kyzylorda-news.kz.  2020 жылы мектеп медицинасы қаржыландырудың жеке бағытына шығарылды. Биылғы жылы Қазақстанда мектеп оқушылары үшін кәсіптік қарау мен сауықтыру іс-шараларына 26,1 млрд теңгеге шарт жасалды, оның ішінде Қызылорда облысында 1,3 млрд теңге. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов хабарлады.

Балалардың денсаулығы – ел дамуының маңызды басымдықтарының бірі. Балалар жеңілдікті санатқа кіреді және мемлекет есебінен МӘМС-да сақтандырылған. Тегін медициналық қызметтерді балалар медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасқан медициналық ұйымдардан ала алады.

Мектеп оқушылары мен мектепке дейінгі мекемелердің медициналық қамтамасыз етілуін ұйымдастыру туралы ойлайтындар аз. Мектеп медицинасы білім беру ұйымдарында, яғни тікелей мектептерде, балабақшаларда, шағын орталықтарда немесе басқа да білім беру ұйымдарындағы балаларға медициналық қызмет көрсетуді көздейді.

Бұрын мектеп медицинасы учаскелік қызметке бөлінген қаражат есебінен қаржыландырылған. МӘМС жүйесін енгізу арқылы ол жеке позицияға шығарылды. Бұл мектеп жасындағы балаларға арналған алдын алу шараларының кең ауқымын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл медицинаның осы бөліміне кәсіби тексерулердің толықтығын тексеруге, аурулары анықталған балаларды дер кезінде Д есебіне тіркеуге, барлық стандарттардың сақталуын бақылауға және тағы басқаға ерекше назар аударылатындығын білдіреді.

Осы жылы Қор білім беру ұйымдарында медициналық қызмет көрсетуге 436 емханамен 26,1 млрд теңгеге жуық сомаға шарт жасады. Ал аймағымызда – 13 емханамен 1,35 млрд теңге сомаға шарт жасалды.

Алдын ала қорытынды бойынша, 2022 жылдың 1 тоқсанында мектеп медицинасы қызметі шамамен 6,4 млрд теңгеге көрсетілді, оның 337,9 млн теңгесі Қызылорда облысында.

Қор филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов атап өткендей, мектеп медицинасының мәні – білім беру ұйымдарындағы балаларды қажетті медициналық қызметтермен қамтамасыз ету. Бұл жұмыс мектеп немесе балабақша орналасқан аумаққа қарасты емхана жауапкершілігінде болады. Ол үшін мектепте медицина қызметкерінің жабдықталған кабинеттері бар арнайы қызмет құрылады. Профилактикалық тексеру немесе вакцинация жүргізу үшін мектепке (немесе балабақшаға) тиісті профильдегі дәрігерлер келеді. Мұндай іс-шаралар алдын-ала жоспарланады, және ата-аналар олар туралы хабардар етіледі.

Мектеп медицинасының тарифіне вакцинация, жыл сайынғы профилактикалық тексеру, тіс дәрігерінің тікелей оқу орнында өткізілетін тексеруі кіреді. Сондай-ақ, оқу орнындағы дәрігерлер балалардың салауатты өмір салтын ұстануы бойынша іс-шаралар өткізеді. Егер кәсіби тексеруде патология анықталған болса, онда бала тіркелген жері бойынша емханаға тереңдетілген медициналық тексеруге жіберіледі. Балалардың вакцинациялауы ата-аналарының келісімімен Ұлттық егу күнтізбесі бойынша жүргізіледі. Шұғыл жағдайларда медициналық пунктте жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін балаларға алғашқы көмек көрсетіледі.

Осылайша, мектеп медицинасы мектеп оқушыларының денсаулық жағдайын үздіксіз бақылауды қамтамасыз етуге және қажет болған жағдайда уақтылы алғашқы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Тағы да оқыңыз: