Kyzylorda-news.kz. Аймақта балалар арасында коронавирус инфекциясы өршуде. Мәселен шілде айында 145 дерек тіркеліп, бүгінде 51-і амбулаторлық, 49-ы стационарлық бақылауға алынған. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазилов мәлімдеді.

«Балаларға вирус вакцина салдырмаған ата-аналарынан жұғуда. Олар вакцина салдырмаумен қатар санитарлық нормаларды сақтамаған, яғни көпшілік орындарға барған. Бүгінде ахуалға байланысты күшейтілген режимде жұмыс жасаудамыз. Облыс көлеміндегі инфекциялық төсек орындарын қайта бейіндендіру мақсатында 14 стационарда 585 инфекциялық төсек-орын ашылған болатын. Ал 28 шілдеден бастап 1970 төсек-орынға көбейді»,-деді Сәбит Бексейітұлы.

Аймақтың бас дәрігері өз сөзінде мобильді дәрігерлер тобы шақыртуларға уақытылы, сапалы қызмет көрсетіп, науқасқа кеңес беріп, дәрі-дәрмектерін үйге жеткізіліп отқандығын атап өтті. Бүгінге дейін 138 дәрігерлік мобильдік топ 5235 шақырысқа барып, науқастарға ем жасаған.

Бұған қоса, Сәбит Бексейітұлы облыста 216 564 адам екпенің 1 компонентін, ал 2 компонентін 142 944 азамат қабылдағанын жеткізді.

«COVID-19» қарсы иммундау науқанына 106 екпе кабинеті, оның ішінде аудандарда 91 кабинет тартылып, жұмыс жасауда. Бұдан басқа, шалғайдағы ауыл, аудандарда вакцинациялауды жүргізу үшін медицина қызметкерлері жасақталған»,-деді.

Брифингте сала басшысы тұрғындарды вакцина салдыруға және сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды.

Тағы да оқыңыз: