Оңалбек Мошанов: Вакцина – індетті жеңудің жалғыз жолы – Kyzylorda News
Басты бет

Оңалбек Мошанов: Вакцина – індетті жеңудің жалғыз жолы

16.04.2021, 17:01

401 0

Kyzylorda-news.kz. Бүкіл әлемді әбігерге салған коронавирустық инфекцияның белең алғанына бір жылдай уақыт болды. Дегенмен, бұл дертті әлі күнге дейін ауыздықтау мүмкін болмай отырғаны көпшілікті алаңдатуда. Әр кезеңде түрлі көрсеткішпен белең алып отырған осы бір індетті ауыздықтау мақсатында 1 ақпаннан бастап вакцина алу жүргізілуде.

Қазіргі таңда індетті жеңудің жалғыз жолы болып отыр. Мемлекет басшысы жақындарымыздың өмірін сақтау үшін вакцина алу – індетке қарсы тұрудың бір ғана жолы бар екендігін айтып, екпе алудың маңыздылығына баса мән беруде. Әрине, қалыпты өмірге қайта оралу үшін ең маңыздысы – екпе алу.

Өз басым әуелі түрлі ақпаратпен танысып, кейін екпе алудың маңыздылығына көз жеткізген соң, екпені салдыру туралы шешім қабылдадым. Бұл – менің ғана емес, отбасымның шешімі. Себебі біз бұрынғы қалыпты өмір салтымызға оралғымыз келеді. Ол үшін әркім өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, дәрігерлердің ақыл-кеңесін уақытында орындап жүруі қажет. Әр азамат өзінің денсаулығына және отбасының саулығы үшін жауапты.

Жұмыс бабымен сыртта көпшілікпен тығыз қарым-қатынаста болғандықтан, сақтанудың бір ғана жолын таңдауды жөн көрдім. Сол себепті, вакцина қабылдаймын деген ұйғарымға келдім.
Вакцинаны екі мәрте қабылдап, екі кезеңінде де өз-өзіме бақылау жасадым.

Әдепкі бірінші кезеңінде сәл шаршағандай болдым. Артынша аз уақыттан соң бұрынғыша қалыпқа түсті. Екінші кезеңінде ешқандай ауыртпалық сезінбедім. Қазірде вакцина алғаннан кейінгі жағдайым жақсы. Мен де індетке қарсы вакцина алып, барынша қорғанудың амалын жасадым. Жерлестерімді де вакцина қабылдауға шақырамын.

Жалпы, ауырмаудың жолы – жеке бас тазалығын сақтап, салауатты өмір салтын ұстанып, иммундық ахуалды ұдайы бақылап отыру. Осы қарапайым ғана қағидаларды сақтай білсек, еліміз аман, жұртымыз тыныш болады деп ойлаймын.

Оңалбек МОШАНОВ,
Арал аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы

0

Пікір қалдыру