МӘМС: Қызылордада 21 520 тұрғын өз статустарын әлі анықтаған жоқ – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

МӘМС: Қызылордада 21 520 тұрғын өз статустарын әлі анықтаған жоқ

25.02.2020, 12:20

124 0

Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысындағы 802,3 мың тұрғынның, 471 мыңы, яғни (58,8%) осы 15 категорияға жатады. Өңірде 21 520 тұрғын өз статустарын әлі анықтаған жоқ. Ең қысқа мерзімде аталған тұрғындардың статусын анықтап, жұмысты жүйелендіру керек.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен баспасөз конференциясында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары Эрик Байжүнүсов мәлімдеді.

«2017 жылдың 1 шілдесінен 2020 жылдың 31 қаңтарына дейін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қызылордалықтар 7,6 млрд теңге қаржы түсірді. Бұл қаржы тұрғындардың денсаулығын сақтауда емдеу ұйымдарына беріліп, сапалы медициналық көмек алуға жұмсалады. Негізінен «әлеуметтік медициналық сақтандыру» деп аты айтып тұрғандай, ең бірінші кезекте әлеуметтік жағдайға баса назар аударылады. Емдеу ұйымдары арасында бәсекелестік орта қалыптасып, әрбір тұрғын қолжетімді медициналық көмекке жүгіне алады. Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің еңбекақысының өсуіне жағдай туғызылады» – деді Эрик Байжүнүсов.

«Біздің қазіргі мақсатымыз – әрбір емдеу ұйымының жұмысымен танысып, қажеттіліктерін анықтау. Қосымша ұсыныстарды қарап, медициналық құжаттамаларға электронды толықтырулар жасауды басшылыққа алып отырмыз. Осы уақытқа дейін, Қызылорда облысының солтүстікте орналасқан 3 ауданында болып, тиісті жұмыстардың жүргізілуін көзбен көріп келеміз. Сонымен қатар министрлікке күнделікті ұсыныстарды баяндап отырмыз» – деді ҚР ДСМ Жұртшылықпен байланыс департаменті директоры Ілияс Бакиров.

Мұнан өзге, 2020 жылы Қызылорда облысы денсаулық сақтау саласына 57 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, медициналық көмектің көлемі 25% артып отыр. Соның ішінде, кеңес беру -диагностикалық қызметтер көлемі 6 есеге, стационарды алмастырушы көмек 85%, қалпына келтіру және медициналық оңалту 13 есеге, паллиативті көмек және мейірбике күтімі 2,6 болса, онкогематология 2,4 есеге артты.

Қазіргі уақытта ел тұрғындарының 90% астам (17 млн адам) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысушы болып тіркелді. Оның ішінде 11 млн тұрғын – 15 жеңілдетілген азаматтар категориясына кіреді. Бұл – азаматтар үшін мемлекет төлем жасайды.

0

Пікір қалдыру