МӘМС: Облыс тұрғындарының басым бөлігі жеке клиникаларды таңдады – Kyzylorda News
Басты бет

МӘМС: Облыс тұрғындарының басым бөлігі жеке клиникаларды таңдады

25.11.2021, 11:20

413 0

Kyzylorda-news.kz.  Биылғы жылдың қыркүйек және қараша айларындағы аралықта медициналық ұйымдарды таңдау құқығын аймақтын 2 057 тұрғыны пайдаланды. Тіркелген азаматтардың 72,5 пайызы жеке клиникаларда тіркелген, ал қалған 27,5 пайызы мемлекеттік емханаларды таңдады. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов хабарлады.

«Аймағымызда биылғы тіркеу науқанына 21 медицина ұйымы қатысты. Оның 13-і мемлекеттік емханалар, 8-і жеке медициналық мекемелер. Аталған емханалар келер жылы кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде халыққа қызмет көрсетпек. Бүгінде емханаларға облыстың 803,5 мың тұрғыны тіркелді. Медициналық-санитариялық көмек ұйымына тіркелу – бұл тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде медициналық қызметтердің барлық түрін алу үшін қажетті шарт. Тіркелу науқаннан тыс кез-келген уақытта БМСК ұйымын бірнеше жағдайда өзгертуге болады. Мәселен, тұрғын өзінің тұрақты немесе уақытша тұрғылықты жерін, жұмысын немесе оқу орнын өзгерткен болса тіркеуді ауыстыруға мүмкіндігі бар. Бұдан басқа, еліміздің кез келген азаматтың жылына бір рет тұрғылықты жері бойынша емхананы ауыстыруға құқығы бар. Тіркеу науқаны Денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорында тіркелген. Емханалардың тізімімен Қордың https://fms.kz/ сайтында «Медициналық қызметтерді сатып алу» бөлімінде танысуға болады», – деді Бақыт Торғайбайұлы.

Айта кететін жәйт, алғашқы медициналық – санитариялық көмек ұйымына тіркелген азаматтар 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық көмектерді ала алады.

0

Пікір қалдыру