Kyzylorda-news.kz. Бүгінгі күннің батырлары – дәрігерлер екені даусыз. Төтенше жағдай кезінде табанынан тік тұрып, қызметке кіріскен ақ халаттылар әлі де тыным тапқан жоқ. Пандемиямен күресте науқастармен тығыз байланыста жұмыс істеп жүрген жанның бірі дәрігер Бекзат Мәмбетәлиева.

1986 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданында туған ол бала кезінен ақ халат киіп дәрігер болуды армандаған. Мектепті тәмәмдаған соң, алдына биік мақсаттар қойған ол М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетіне оқуға түседі.

Жалпы тәжірибелі дәрігер мамандығы бойынша оқуын ойдағыдай аяқтап, алғаш еңбек жолын Қызылорда қаласындағы №6 емханада жасөспірімдер дәрігері болып бастайды.

Мұнан кейін, Ақтөбе облысы, Әйтеке би аудандық орталық ауруханасында жұмыс істейді. Бұл жерде 6 жылға жуық қызмет етіп, халықтың ақеден алғысына бөленеді.

Онан соң, №3 қалалық емханаға жалпы тәжірибелі дәрігер болып жұмысқа орналасады. Бүгінде Бекзат Әкімғазықызы аталған емханада абыройлы еңбек етіп келеді.

Жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін рентгенолог – дәрігер мамандығы бойынша білімін жетілдірген ол қазіргі таңда білікті мамандардың бірі әрі бірегейі.

Бүгінге дейін Бекзат Мәмбетәлиева жүрек-өкпе ренимациясы бойынша біліктілігін арттыру крусынан өтті. Сонымен қатар Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінде көшбасшылық және адами ресурстарды басқару циклі аясында тәжірибе жинақтады.

Одан бөлек, ҚР ДСМ «Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК жанында «Кәсіптік аурулардың өзекті мәселелері» циклында 108 сағат көлемінде біліктілігін арттырды.

Үнемі ізденіс үстінде жүретін жан заманауи медициналық емдеу тәсілдерін меңгеру негізгі мақсаты екендігін алға тартады. Қазіргі таңда ол карантин жағдайына байланысты емханада құрылған мобильді топ мүшесі. Уақытпен санаспай барлық шақыртуларға жедел жетіп, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуде.

«Өзгенің өміріне жауапты болғандықтан, жұмысымды бірінші орынға қоямын», дейді дәрігер.

Бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербететін нәзік болмыс иелерінің осындай жауапты қызметтегі ерен ерліктері жас мамандарға үлгі болары хақ. Ақ халатты абзал жан Бекзат Мәмбетәлиева жұмыспен қатар отбасына да көңіл бөліп, бала тәрбиесімен айналысып отырған ардақты ана. Дәрігер әрбір тұрғын карантин кезінде барлық сақтық шараларын жасап, аурудың алдын-алуға жұмыс жасаса қауіптің сейілетінін айтады.

Тағы да оқыңыз: